Қуыршақ театры аз қамтылған отбасы балаларына «Ер Төстік» қойылымын тарту етті

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қуыршақ театры аз қамтылған отбасы балаларына «Ер Төстік» қойылымын тарту етті
ашық дереккөз

Театр ұжымы кішкентай көрермендердің жүзіне күлкі сыйлау үшін барын салды. Көңілдері алып ұшқан балақайлар «Ер Төстіктің» батырлығына куә болып, ертегілер әлеміне саяхаттады. «Бүгінгі шараның мақсаты – Алғыс айту күнін жаңа форматта атап өту. Қуыршақ театры балалардың ойлау қабілетін жақсартып, рухани азық беретін ерекше көрініс қойды. Балалар мен ата-аналар да дән риза. Мереке күнінде балақайлардың көңілдері бір серпілді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Ішкі саясат басқармасы мемлекеттік мекемесі үкіметтік емес ұйымдармен жұмыс бөлімінің басшысы Нұрбек Пұсырманов. Қоюшы режиссер – Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Құралай Ешмұратованың айтуынша, карантин талаптарына сай қойылым тамашалауға 35 бала шақыртылған. Сонымен қатар өнер ордасында өрендерімізге аптасына 2 рет ақысыз спектакльдер ұйымдастырылады. «Бүгін - рақмет айту күні. Жақсылық жасасаң, өмірің де жақсы болады. Себебі өзгеге көрсеткен қамқорлығың өзіңе екі есе қайтады. Өмірдің жаманынан жақсылығы көп. Сондықтан бүгін ғана емес, күнде бір-бірімізге алғыс айта жүруіміз қажет. Жай ғана жақын жандарыңыздың жаныңызда жүргені үшін алғыс айтыңыз. Бүгін театрға келген балалар ерекше әсер алды деген ойдамын. Үнемі кішкентай көрермендеріміз спектакль аяқталғанда орындарынан тұрып, шапалақ ұрып, алғыс айтып кетеді. Бізге содан асқан бақыт жоқ. Осы күнді пайдаланып, барлық балаларға рақмет айтамын, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Патша көңіл көрермендерімізді қуантуға әрдайым дайынбыз», - деді ол. Қойылым соңында балаларға ұйымдастырушылар тарапынан арнайы сый-сияпаттар ұсынылды.

Наима НҰРАЛЫҚЫЗЫ