Нұр-Сұлтанда ЖРВИ жұқтырғандар саны артты
«Эпидемиялық маусым басталғалы бері елордада ЖРВИ ауруының 44 392 жағдайы тіркелді. Оның ішінде А типті тұмаудың 32 жағдайы есепке алынып отыр. ЖРВИ-ды жұқтыру көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 3 748 адамды құрап отыр. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 6,4 есе жоғары. Аталған инфекция көбінесе 14 жасқа дейінгі балалар арасында таралып отыр. Олардың үлесі 60,8%-ды құрайды. Сондай-ақ, 1 жасқа дейінгі ауырған балалардың үлесі 6% және жүкті әйелдер үлесі 3,3%-ды құрайды», - деді Сархат Бейсенова.
Елорданың бас санитар дәрігері ЖРВИ-дің балалар арасында жиілеуінің себебін оқу жылының басталуымен байланыстырып отыр.
«Бұл мектеп, орта арнаулы және ЖОО-да оқу жылының басталуымен байланысты. Жалпы ЖРВИ жұқтырушылардың 27,8% – оқушылар және 16,2% – мектеп жасына дейінгі балалар және 7 % студенттер құрап отыр», - дейді ол.
Оның айтуынша, елордада 170 мыңнан астам тұрғын ЖРВИ-ға қарсы вакцина алды.
Сондай-ақ, маман ЖРВИ-дан сақтану шараларына қатысты кеңес берді:
- адамдар көп жиналатын жерлерде және қоғамдық көлікте болу уақытын шектеу;
- адамдар көп жиналатын жерлерде маска киіңіз;
- аурудың белгілері бар адамдармен тығыз байланыста болудан аулақ болыңыз;
- қолды сабынмен жуу, құрамында спирт бар, дезинфекциялық майлықтармен өңдеу;
- әлеуметтік қашықтықты сақтау;
- мұрын қуысын тұзды ерітіндімен ылғалдандырыңыз немесе көшеден кейін тұзды ерітіндімен шайыңыз, оксалин жақпа майын және дәрумендерді қолданыңыз;
Егер сіз ауырып қалсаңыз, асқынулардың алдын алу үшін уақтылы медициналық көмекке жүгініңіз және инфекцияның өзгелерге және жақын адамдарға таралуын тоқтату үшін барлық сақтық шараларын қолданыңыз!