Елорданың 230 мың тұрғыны 42 500 теңге көлеміндегі көмекті алды
Нұр-Сұлтан қаласының 230 мыңға жуық тұрғыны 42 500 теңге көлеміндегі әлеуметтік көмекті алды, деп хабарлайды Елорда Инфо тілшісі әкімдіктің ресми сайтына сілтеме жасап. Бүгінге дейін аталған төлемді алуға 546 мың азамат өтініш берген. Бұл туралы қала әкімі орынбасары Бақтияр Мәкеннің төрағалығымен өткен тұрғындарды жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі қалалық штаб отырысында айтылды. Штаб отырысында қайталанған өтінімдер мен деректері дұрыс көрсетілмеген құжаттар түсіп жатқаны талқыланды. Төтенше жағдай кезінде қаржылай көмекті бұрын ресми жұмыс істеген адамдар ғана емес, бір жылдан бері декреттік демалыстағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған әйелдер де алады. Әлеуметтік көмек алушылар бұл уақытында жасалған және қажет шаралар екенін айтып жатыр. Қалалық жеке медицина клиникаларының бірінің директоры Еркін Адаспаев карантин кезінде жұмыссыз қалған азаматтар үшін әлеуметтік көмек, сондай-ақ кәсіпкерлер үшін салықтық жеңілдіктер уақытылы көрсетілгенін атап өтті. «Қызметкерлер кәсіпорынның тоқтап қалуына байланысты әлеуметтік төлемдер алады. Бұл ретте өтінімдерді қабылдап, өңдейтін мемлекеттік қызметкерлердің жұмысын атап өткім келеді. Менің білуімше, олар демалыссыз, түнге дейін жұмыс істейді. Сондықтан оларға ерекше алғыс», – деді Е.Адаспаев. Бұрын хабарланғандай, қала тұрғындары әлеуметтік төлем алуға өтінішті «Электронды үкімет» веб-порталы, telegrambot egov.kz немесе 42500.enbek.kz сайты арқылы онлайн-режимде бере алады.