«30 игі іс»: Елордада мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері таратылды
«Әкімдік тарапынан көрсетіліп жатқан көмектерді әрдайым байқап отырамыз. Бүгін міне, сол көмектің бірі бізге де тиген екен. Барша волонтерлерге, әкімдік өкілдеріне, демеушілерге және «Жас Сарбаз» ұйымының жігіттеріне алғысымды білдіремін. Еңбектеріңіз жана берсін», - деп көпбалалы әке Мамыр Қасымов алғысын білдірді.
Аталған акция әлі де жалғасын табады деп жоспарланып отыр. «Жас Сарбаз» қозғалысының тәрбиеленушілері өзге де игі істер атқаруда белсенділік танытпақ.
«Бұл акция барысында Ұлы Отан және Ауған соғысы ардагерлеріне, пандемия кезінде аянбай жұмыс істеген әскери дәрігерлерге, Қарттар үйі мен Балалар үйлеріне көмек көрсетілуде. Бүгінде қатарымызға қосылып жатқан «Жас Сарбаз» тәрбиеленушілерінің саны артып келеді, олар қайырымды істер жасауға әрдайым дайын екенін білдіруде. Жастарға сәттілік тілейміз!» – деді «Жас Сарбаз» жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысы РҚБ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының төрағасы Асхат Налшыбек.
Айта кетейік, 2021 жыл елордада «Қайырымды істер» ұранымен өтуде. Осы уақыт ішінде көмекке мұқтаж азаматтарға 10 мыңнан астам азық-түлік себеті жеткізілді. Қолдау және атаулы көмекпен ондаған мың адам қамтылған.