Елордада мүгедектерге ақысыз қызметтер көрсетіледі
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада мүгедектерге ақысыз қызметтер көрсетіледі](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107170842697991.webp)
Мекеме қызметкерлері орталық туралы білмейтін, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетуге әрқашан дайын екендерін жеткізді. Мысалы емделуші Әлібек Бегалин бұл орталыққа Қостанай облысынан қатынайды. Ем алып жүргеніне 7 айға жуық уақыт болған. Ол оңалту орталығын таныстары арқылы тауыпты. Мекеме қызметкерлеріне айтар алғысы зор.
«Таңғы 9-да келемін, содан кешкі сағат 3-4-ке дейін жүремін. Массажымды, ЛФК-ны, тренажерымды аламын. Жүре алмайтын едім, қазір Аллаға шүкір, өз бетіммен жүріп жүрмін», - дейді Қостанай облысының тұрғыны Әбдібек Бегалин.
Орталықта көрсетілетін қызметтер жартылай стационарлық негізде тегін. Келушілер санына шектеу қойылмаған. Мекеме қала әкімдігі мен жеке инвесторлар тарапынан қаржыландырылады. Онда тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдар орталығынан бөлек, психикалық ауытқуы бар балаларға арналған балабақша, сондай -ақ есту қабілеті бұзылған адамдарға диспетчерлік қызмет көрсетіледі.
«Менің есту қабілетім нашар. Көптеген өмірлік қиындықтарды бастан өткердім. Сондықтан адамдарға оңалту орталығын ашқым келді», - дейді «АСТ Астана» әлеуметтік-технологиялық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Жасұлан Жасанов.
Қазір онда 60 адамға қызмет көрсетіліп жатыр. Кейін келушілердің санын арттыру жоспарланған. Ал орталық өкілдері мүмкіндігінше оңалту мекемесі туралы көп адамның білгенін қалайды.