Жантақ балы, әміре қауыны, Аралдың балығы: елордада қызылордалықтар жәрмеңке өткізуде
15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат
ашық дереккөз
Қызылорда облысы Ауылшаруашылық басқармасының басшысы Талғат Бейсебаевтың айтуынша, жәрмеңкеге 450 тоннадан астам 29 түрлі ауылшаруашылық өнімі келген.
«Біздің облыс күрішпен танымал ғой. Жәрмеңкеге 150 тоннадан астам күріш әкелдік. «Лидер» сортынан. Халық жақсы алып жатыр. Одан бөлек, 20 тоннадан астам Аралдың балығы, 150 тоннадан аса бау-бақша өнімі бар. Тауарларымыздың жалпы құны 100 млн теңгеден асады. Халық жақсы алып жатыр», – дейді басқарма басшысы.
Жәрмеңке өнімдерінің ішінде елордалықтарға таңсық біршама дүние бар екен. Мысалы, жантақ балы және қауынқақ – оңтүстік өңірде әзірленетін өнімдердің бірі.
«Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы инвестициялық жобаларды жүзеге асыруды қаржыландыру жағынан көмек көрсетеді, сол арқылы бірлескен кәсіпорын құрылады. Ббізде қазір бірлесе құрылған кәсіпорындар қатарында «Шиелі шұжық» ЖШС, «Жас Агро», «KZO Food», «Аруана», «Агролидер», «Қызылорда жантақ балы» секілді ұйымдар бар, бүгін солардың өнімдерін ұсынып отырмыз. Мысалы, осы жәрмеңкеге 3 тонна жантақ балын алып келдік», – дейді «Байқоңыр әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ төраға орынбасары Жеңісбек Ахметов.
Қызылорданың Жаңақорған ауданында әзірленетін жантақ балы денсаулыққа пайдалы өнім көрінеді.
«Мұны нағыз оңтүстіктің балы десек те болады. Ол іш құрылысына, тыныс алу органдары ауруларын емдеуге және артық тұзды ыдыратуға септігі көп тиеді.Құрал-жабдықтарымыз Польшанікі, өте сапалы», – дейді «Қызылорда жантақ балы» орталығының директоры Асхат Раисов.
Жәрмеңкеге келген елордалықтар дән риза. Әсіресе Сыр өңірінде туып-өскен астана тұрғындары өздеріне бала кезден бері таныс өнімдерін тауып, мәре-сәре болуда.
«Өзім Қызылорданың тумасымын, 2002 жылдан бері елордада тұрамын. Бүгін Сырдың жәрмеңкесі болатынын естіп, арнайы келдік. Келе сала қауын сатып алдым. Мынадай әміре, қара қауын, күләбі деген қауын түрлерін астанада кездестірмейсің. Бағасы да жап-жақсы екен», – дейді қала тұрғыны Айдарбек Есов.
Айта кетейік, Сыр өңірінен әкелінген ауылшаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі екі күнге жалғасады.
Ұқсас жаңалықтар