Елордада волонтерлік көмекті алушы кімдер
![Елорда ақпарат](https://elordainfo.kz/assets/img/profile-icon.png)
![Елордада волонтерлік көмекті алушы кімдер](https://elordainfo.kz/uploads/resized-images/2024/07/172107209647737421.webp)
![](https://elorda.info/wp-content/uploads/2021/09/639463a3-aa20-45e6-9cda-336669ab99f4-300x278.jpg)
«Астана жастары» еріктілері елдің дамуына септігін тигізетін түрлі мәдени-бұқаралық, әлеуметтік, экологиялық іс-шаралардың басы-қасында қызмет етіп келеді. «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің 2,5 мыңнан астам волонтері бар, олар ерікті негізде халыққа көмек көрсетеді. Жылдың төрт мезгілінде, тіпті пандемия кезінде де тұрақты негізде 500 ерікті қиналғандарға қол ұшын созды. Қазіргі күні «Астана жастары» мекемесінде 300 белсенді еріктіден құралған арнайы команда бар. Ал қала бойынша барлығы 3000-ға тарта волонтер тіркелген. Сол сияқты 25 волонтерлік ұйыммен ынтымақтастық байланыс орнатылған.
Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Астана жастары» коммуналдық мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Аян Ерментаев карантиннің алғашқы күндерінен бастап халыққа, мұқтаж жандарға көмектесіп, қаншама қайырымдылық шарасының басы-қасында жүрді.
«Қаңтар айында «Астана жастары» ұйымы базасында қалалық волонтерлер штабы құрылды. Пандемия кезінде 620 іс-шара өткізілді. 171623 адамға көмек көрсетілді: азық-түлік, бетперде, антисептик, ыстық тамақ жеткізу, киім мен жиһазды тарату, компьютер, ноутбук, оқыту, кеңес беру, адамдарды іздестіру, көшпелі рейдтер ұйымдастыру, денсаулық сақтау қызметкерлері үшін ақысыз көлік құралдарын ұйымдастыру және тағы басқа жұмыстар жүргізілді» дейді А.Ерментаев.
![](https://elorda.info/wp-content/uploads/2021/09/8e035369-abbb-404d-878a-ef6a31a619a9-300x300.jpg)
Қиын-қыстау кезеңде еріктілер тек аз қамтылған және көпбалалы отбасылар ғана емес, сонымен қатар жалғызбасты қарт адамдар, тыл еңбеккерлері, мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек қол ұшын созды. Себебі дәл осы санатқа жататын жандар карантиндік шектеулерге байланысты азық-түлік пен дәрі-дәрмек сатып алу үшін үйден шыға алмай қалды. Қиындықты жеңілдетіп, алысты жақындату мақсатында еріктілер көмегін аяған жоқ.
– Біз мұқтаж адамдарға көмек көрсетуді жалғастырамыз. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «30 игі іс» акциясы жүріп жатыр. Осы шара аясында көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі адамдарға азық-түлік себеттерін жеткізуге көмектесіп жатырмыз. «Астана жастары» жастар ресурстық орталығы жастар саясаты саласында кәсіби бағдар беру, жұмыспен қамту, жастар бастамаларын қолдау, аула клубтарын дамыту, волонтерлік қызметті дамыту, NEET санатындағы жастармен жұмыс жасау және құқықтық көмек көрсетіледі, – деп тарқатты А.Ерментаев.
"Астана жастары" КММ еріктілер қозғалысын дамыту жөніндегі басшысы Эльвира Эсмуханованың айтуынша еріктілердің халыққа көмек көрсету ауқымы кең.
«Еріктілер түрлі көмек көрсетеді. Мысалы, ол Event бағытының еріктісі болса, туристерге, спортшыларға, шетелдік қонақтарға көмек көрсетеді. Егер әлеуметтік бағыттағы волонтер болса, онда негізінен мұқтаждарға, мүмкіндігі шектеулі адамдарға, көп балалы жалғыз басты аналарға немесе жалғыз басты ардагерлерге. Мысалы, экологиялық бағыттағы еріктілер табиғатты қорғау және қоқыс жинау мәселелерімен көбірек айналысады. Яғни, еріктінің бағыты қандай, ол адамдарға да, жануарларға да, табиғатқа да көмектесе алады», — деді ол.
«Волонтерлік қызметке қызығушылық танытқан азаматтардың саны жыл сайын артып келеді. Халық санының өсуіне байланысты қала аумағында да, қала сыртында да экологиялық тазалауларды ұйымдастыруда да әлеуметтік осал топтарға көмек көрсету үшін еріктілерге сұраныс пайда болады.Негізгі бағыты әлеуметтік-осал азаматтарға әлеуметтік көмек көрсету», — деп қосып өтті.
Сондай- ақ ол биыл волонтерлер қызметінің арқасында 10 000-нан астам адам көмек алғанын, соның басым көпшілігі көбіне жалғызбасты зейнеткерлер, ардагерлер, көп балалы аналар, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар екенін атап өтті.