Қазақстанда 302 159 респондент онлайн санақтан өтті
Алғашқы бес күннің қорытындысымен мегаполистер алға шығып отыр. 46 480 астаналық тұрғын санақтан өткені жайлы хабарлама алған. Онлайн санақтан өткен тағы 43 690 адам Алматыда тіркелген. Үздік үштікті Шымкент түйіндеді. Мұнда 40 791 адам санақ сауалдарына жауап берді. Бұл көрсеткіш бойынша әзірге соңғы екі орынды Маңғыстау және Атырау облыстары еншілеп тұр. Бұл өңірлерде сәйкесінше 3 350 және 2 542 адам санақтан өтіпті. Азаматтардан санақ кезінде алынған барлық ақпараттар Ұлттық статистика бюросының орталық серверіне жіберіледі. ҰСБ-ның ақпараттық жүйесі ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымдардың аса маңызды нысандарының тізіміне енгізілген және ҚР ҰҚК "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ-ның талдауына алынған. Сондай-ақ, санақ қарсаңында ақпараттық жүйенің ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігі сынақтан өткізіліп, ол бойынша оң нәтиже алынған болатын. Арнайы sanag.gov.kz сайтының қорғанышы ретінде сервер мен қолданушы арасындағы ақпарат алмасу https хаттамасымен қорғалған, әлемдегі ірі сертификаттау орталықтарының бірі - Sectigo SSL-сертификаты алынды. Ұлттық статистика бюросы азаматтардың белсенділігі үшін алғыс айта отырып, санақты онлайн өтуге шақырады. sanaq.gov.kz сайты 15 қазанға дейін тәулік бойы қолжетімді болмақ. Онлайн санақтан өтпегендер 1-30 қазан аралығында интервьюерлердің сауалдарына жауап бере алады. Барлық сауалдар бойынша 1446 байланыс орталығына хабарласуға болады. Қоңырау шалу тегін.