«Домалақ ана» спектаклі елордада ұсынылды
Осы жылдың қаңтар айында Шымкент қаласындағы опера және балет театрының директоры болып тағайындалған Майра Мұхамедқызы үшін бұл кездесу елордалық көрермен алдындағы ерекше есеп беруге айналды. Опера дивасы, ұлттық опера өнерінің мақтанышы 5 жыл бойы «Астана Опера» сахнасында жарқырай өнер көрсетті, мұнда ол барлық жетекші репертуарды орындады, ауқымды жеке концерттер берді, бұл жолы көрермендер алдына сан қырлы әрі қызықты Нұрилә партиясында шықты. Әнші ана махаббатының күшін ашып, тыңдармандарға рухани құндылықтардың маңыздылығын жеткізе білді. Оның дауысы сенімді, терең және сөзсіз таза естілді. Театр сүйер қауым Бәйдібек би рөліндегі Жұмабек Қаңтарбаевтың өнерін тамашалап, бағалай алды. Хазірет партиясын Айбек Қанатбек, Марат Оразметов бар дарынын паш етіп сомдады. Марау ханым (бәйбіше) рөлін меццо-сопрано, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Дина Хамзина орындады, Зеріп ханымды (бәйбіше) Майгүл Микижанова ұсынды, сондай-ақ спектакльде көптеген басқа тамаша әртістер қатысты. Хор және балет әртістерінің үйлесімді жұмысын ерекше атап өтуге болады. Олар жауынгерлерді, ауыл тұрғындарын, барымташыларды және басқа да кішігірім кейіпкерлерді шынайы ойнады. Михаил Панджавидзе мен Қайрат Құлыншақовтың режиссерлік көрегендігінің арқасында сахна үйлесімділікте жандана түсті. Тарихқа Домалақ ана ретінде енген дана ана туралы операға қоюшылар өте қарапайым, бірақ барлық уақытта тек махаббат қана осы әлемді құтқара алады деген негізгі үндеудің мәнін жасырған. Онда қазақ халқына тән Қасиетті Ана бейнесі терең сипатталған. Өсиеттер мен рухани құндылықтардан шабыт алған жас қыз Нұрилә бейнесінің арқасында ана махаббатының күші өте кең және шынайы ашылады. «Домалақ ана» операсы Бәйдібек батырдың өз халқына деген сүйіспеншілігін жеткізеді, ол риясыз ананың жүрегін бейнелеп қана қоймай, қазақ халқы тарихындағы ең маңызды оқиғалардың бірі туралы баяндайды. Либретто авторы – өнертану ғылымдарының докторы (PhD), Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Асхат Маемиров. Қысқа мерзім ішінде музыкасын жазған танымал сазгер Тасқын Жармұқамет. Хордың әуезді шырқауын қамтамасыз еткен қоюшы хормейстер Бағлан Алтаев. Дирижер пультінде гастроль аясында жарқырай өнер көрсеткен Мәди Өмірзақ. Оның жетекшілігімен Шымкент театрының симфониялық оркестрі тың, жарқын әрі қарқынды әуелей шырқады. Спектакльдің визуалдық жағынан жұмыс істеген қоюшы суретші Бақыт Күзембаев пен костюмдер бойынша суретші Сабира Дәулетәлиева. Ұлттық нақыш айтарлықтай егжей-тегжейлі берілді, костюмдер мен декорациялар көрерменнің ұлы әйел туралы аңызға терең бойлауына ықпал етті. Костюмдердің сайма-сай таңдалған түр-түстері қаһармандарды өткен ғасырлар дәуіріне жақындата түсті. Алайда онда ерекше символизм белгілері де байқалды, мәселен, операның соңында бас қаһарманның костюмі қайта туу, жаңару мен үмітті тұспалдайтын жасыл түсті болды.
- «Домалақ ана» спектаклі «Астана Опера» сахнасында жаңаша түстермен жарқырай берді. Елордалық театрдың шығармашылық және техникалық командасы өз әріптестеріне спектакльді біздің үлкен сахнамызға бейімдеуге көмектесті, біз жаңаша жарық беруді жасап шығардық, спектакльге «Астана Опера» оркестрінің музыканттары қатысты. Сөйтіп «Домалақ ана» өзінің көркемдік әрі сахналық жағынан өзгеше түрге ие болды. «Астана Опера» қабырғасында премьера орын алды және біз театрдың барлық қызметтері оны іске асыруға атсалысқаны үшін қуаныштымыз, - деп атап өтті директордың көркемдік-өндірістік мәселелері мен ғимаратты пайдалану жөніндегі орынбасары Виктор Караре.
Осылайша, Шымкент опера және балет театры «Астана Операның» ІХ маусымы басталғалы гастрольдік сапармен келген екінші ұжым болып отыр. Естеріңізге сала кетсек, 26 және 27 тамыз күндері мұнда Абай атындағы опера және балет театрының труппасы зор табыспен өнер көрсеткен болатын. Келесі кезекте Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрының гастролі. «Астана Операның» ІХ маусымында жұртшылықты бірқатар орасан зор премьералар күтпек, олардың алғашқысы – Чимарозаның «Жасырын неке» операсы. 30 қыркүйек пен 1 қазан күндері асқақ өнер бағалаушыларын опера-буффа жауһарымен кездесу күтеді.