Жас көшбасшылар Президент Жолдауын талқылады

15 тамыз, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Жас көшбасшылар Президент Жолдауын талқылады
ашық дереккөз

"Жолдау мемлекетіміздің әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси дамуының барлық аспектілерін қамтыды. Жолдаудың басым бағыты халықты әлеуметтік қолдауға бағытталған. Мемлекет басшысы NEET санатындағы жастармен жұмыс істеу және оларды кәсіптік оқыту қажеттігіне назар аударды. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі осы бағытта арнайы жұмыс жүргізіп жатқанын атап өткім келеді. Мысалы, мемлекеттік жастар саясаты саласындағы заңнаманы жетілдіру шеңберінде «NEET санатындағы жастар» ұғымын бекіту және оларды есепке алу әдіснамасын әзірлеу жоспарлануда. Сонымен қатар, жастарды жұмыспен қамту және NEET жастарының санын азайту мақсатында келесі шаралар қабылдануда", - дейді Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов.

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасы бойынша жастар ресурстық орталықтарының құрылымында ішкі қайта бөлу есебінен NEET жастармен жұмыс жөніндегі бөлімдері құрылуда. Бүгінгі таңда мұндай бөлімдер Ақтөбе, Ақмола, Жамбыл, Қызылорда, Түркістан облыстарында, Шымкент қаласында ашылды. 11 өңірдің (Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласынан басқа) Аймақтарды дамыту бағдарламаларында өңір бойынша NEET жастардың үлесін төмендету бойынша нысаналы индикатор көзделген. Сонымен қатар, Жолдаудың маңызды аспектісі дарынды балаларды, әсіресе халықаралық пәндік олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін қолдау - оларға конкурстан тыс негізде жоғары оқу орындарына түсу үшін гранттар беру, біржолғы ақшалай сыйлықтар төлеу бастамасы болды. Айта кету керек, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша биыл Үкімет дарынды жастарды қолдау үшін «Тәуелсіздік ұрпақтары» жаңа грантын тағайындады. Қазіргі таңда грант бойынша құжаттар қабылдануда, ол 20 қыркүйекте аяқталады. Мемлекет басшысы отбасы институтын нығайту, ерлер мен әйелдер құқықтарының теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, еліміздегі 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы өзектендірілетін болады. Қазіргі уақытта Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі ҚР-дағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясаттың жаңартылған тұжырымдамасын әзірлеу бойынша арнайы жұмыс тобының құрамын жасақтауда. «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде осы Тұжырымдаманы әзірлеу Парламент депутаттарын, сарапшыларды, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия мүшелерін, ҮЕҰ мен мемлекеттік органдар өкілдерін тарта отырып, сондай-ақ БАҚ пен әлеуметтік желілерде кеңінен жариялау арқылы, ашық жүргізілетінін атап өту қажет.