Елордалық инспектор республикалық конкурстың жеңімпазы атанды
Астана қаласы Полиция департаменті Байқоңыр ауданының жергілікті полиция қызметі бөлімінің полиция инспекторы, полиция майоры Асқар Папышев ҚР Ішкі істер органдарының «Үздік учаскелік полиция инспекторы» республикалық конкурсының жеңімпазы атанды, деп хабарлады Elorda.info.
Конкурстың негізгі мақсаты - құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған іс-шараларды жүзеге асыруда кәсіби шеберлікті, білім мен дағдыларды ұдайы жетілдіру, сондай-ақ жеке құрам арасында заңдылық пен тәртіпті нығайту.
Бірінші кезеңде конкурсқа қатысушылар тестілеуден өтті. Қазылар алқасы таңдау кезінде қызметтегі жетістіктер, халықтың сенім деңгейі, құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша халықпен жұмыстың инновациялық нысандарын енгізу, сондай-ақ сервистік полицияның сапа стандарттарына сәйкестігін назарға алды. Екінші кезеңде қазылар алқасы конкурсанттармен әңгімелесу арқылы ең үздігін таңдады. Соңғы кезеңде іріктеуден өткен қызметкерлер ресми аккаунттар мен республикалық ақпараттық порталдарда онлайн-дауыс беруге қатысып, байқау қорытындысы бойынша Асқар Папышев үздік нәтиже көрсетті.
Ол ішкі істер органдарында 10 жылдан астам қызмет атқарады. Учаскелік аумақтағы сеніп тапсырылған учаскенің мән-жайын жақсы біліп, тұрғындармен тәулік бойы байланыста болып, әрқашан уақтылы жауап беруді күнделікті әдетіне айналдырған. Полиция майоры халықтың құрметі мен сенімін басты кәсіби жетістік деп санайды. Полицейдің және жалпы ішкі істер органдарының имиджі көбінесе азаматтарға кәсіби шеберлікке, моральдық және іскерлік қасиеттерге, сыпайы және әдепті қарым-қатынасқа байланысты.
Биыл оның ерлігі мен батылдығының арқасында 3 адамның өмірі құтқарылды. Атап айтсақ, 11 тамызда полицияның «102» шұғыл шақыру арнасына екі жас баласы бар әйелдің көпқабатты үйдің 9 қабатының терезесінен секіруге тырысқаны туралы хабарлама түскен. Полиция майоры оқиға орнына жедел барып, жағдайды дұрыс бағамдап, әйел мен балаларды пәтердің ішіне алып кіріп, аман алып қалған. Кейінірек аталған отбасына қажетті психологиялық көмек көрсетілді.