Мәулен Әшімбаев: Реформалардың мәні – ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы

Бүгін, 10:35
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Мәулен Әшімбаев: Реформалардың мәні – ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы
Фото: Мәулен Әшімбаев/Facebook

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың «Время» қоғамдық-саяси газетінде «Логика реформ – 3: Новое качество нации в XXI веке» (Реформалардың мәні – 3: ХХІ ғасырдағы ұлттың жаңа сапасы – қаз.) атты мақаласы жарияланды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мақалада Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев елдегі саяси, экономикалық реформаларға кеңінен тоқталды. 

Сондай-ақ, Ұлттық құрылтайда айтылған мәселе, бастамаларға да жеке-жеке тоқталды. 

«Ұлт құру ісіндегі бұл прагматизм барлық бағыттан байқалады. Әсіресе, поп-мәдениетті, фильмдерді, сәнді, тамақты, спортты, әлеуметтік желілердегі контентті қалыптастырушы әсерді туындататын негізгі бағыттарды саналы түрде қолдау мен насихаттаудан да көрінеді. Қалыптастырушы әсер деп отырғаным – ұлттық трендтердің, көп жағдайда, жастар арасында қалыптасуына барынша кең және терең әсер ететіндей таралған көңіл күй толқыны. Мұнда да «қазақылықты» сәнге айналдырған креативті индустрия «Тоқаев моделінің» негізгі басымдығы екенін атап өткен жөн.

Бұған нақты мысалдар аз емес. Себебі кейінгі жылдары Димаш Құдайберген, Ирина Кайратовна, Қазыбек Құрайыш, Мирас пен басқа да жаңа толқын Q-pop орындаушылары арқылы қазақ поп-музыкасы әлемге танылды. Қазақ киноиндустриясы қарқын алып, соңғы екі-үш жылда фешн және гастро-индустриядағы этнобағыттар алға шықты. Әлеуметтік желілерде ұлттық тақырыпқа арналған авторлық роликтердің саны да, сапасы да артты. Мұның бәрі – біздің пікіріміздің дұрыс екенін растайтын дәлелдер.

Жалпы, Мемлекет басшысы креативті индустрияны ұлттық жаңғырудың маңызды тетігінің бірі ретінде қарастыруы тегін емес. Себебі дәл осы салада soft power, яғни жұмсақ күшті пайдаланудың берері мол. Бұл істе ешкімді мәжбүрлеу, күшпен көндіру немесе медиа гипнозды қолданудың қажеті жоқ. Қайта тартымды трендтер қалыптастыру арқылы жеке қызығушылыққа және эмоцияға әсер ететін тетіктерді жандандыру айрықша мәнге ие.

Түптеп келгенде, болашақтағы ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру жолын айқындау және содан келіп туындайтын ұлттық ренессанс «Тоқаев моделінің» негізгі қағидаты саналады. Мемлекет басшысы атап өткендей: «Жас ұрпақ тарих тағылымын және елдің жарқын болашаққа ұмтылысын бір арнаға тоғыстырып жатыр. Осылайша, олар ұлттың рухын жаңғыртуда. Осы серпілістің қарқынын сақтай отырып, оны күшейте түсу – мемлекеттің міндеті. Бұл міндетті абыроймен атқарсақ, қазақтың ренессанс дәуірі, яғни түбегейлі өзгерістер заманы келеді».

ХХІ ғасырда ұлтты қайта жаңғырту 2050 жылдарға көздеген бұлыңғыр меже емес, ол – орта мерзімде нақты қол жеткізуге болатын айқын мақсат. Бұл жолда ұлт өзін бір отбасы ретінде сезінуге тиіс. Бұл отбасыны ортақ құндылықтар және еліміздің ұзақмерзімді даму перспективаларына деген ортақ көзқарас байланыстыруы шарт. Ал мұны тек ұлттық диалог арқылы ғана жүзеге асыруға болады. Халық үніне құлақ асатын мемлекеттің жаңа институты – «тарих тағылымы мен жарқын болашақты» тоғыстыратын Ұлттық құрылтай дәл осы мақсатпен құрылды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Бұған дейін Мәулен Әшімбаев «Қазір әлем ауқымды өзгерістің табалдырығында тұр» деп саяси ахуал күрделі екенін айтқан болатын.