Жыл басынан бері теңгенің бағамы 1%-ға нығайды

Бүгін, 13:40
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
Жыл басынан бері теңгенің бағамы 1%-ға нығайды
Фото: Оңалхан Өнерхан

Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов Үкімет отырысында теңгенің айырбастау бағамының динамикасы туралы баяндады, деп хабарлады Elordainfo.kz primeminister.kz-ке сілтеме жасап.

Ол жыл басынан бері теңгенің бағамы бір доллар үшін 519,73 теңгеге дейін, яғни 1%-ға нығайғанын хабарлады.

Сыртқы факторлар бойынша әлемдік сауда соғыстарына байланысты нарықтағы құбылмалылық және Ресей рублінің нығаюы байқалады. Сонымен қатар, мұнай бағасы шамамен бір баррель үшін $70 доллар деңгейінде қалыптасты.

Ішкі факторлар бойынша жылдың алғашқы айларында ұлттық валютаны қолдауға импорттық сатып алудың қысқаруы мен экспорттаушылардың салық төлемдері есебінен валюта ұсынысының ұлғаюы әсер етті.

Сонымен бірге, өткен айдың екінші жартысынан бері валюта нарығында сұраныстың артуына байланысты теңгенің айырбастау бағамының маусымдық өзгерісі байқалады. Оған халық арасында демалыс кезеңінің басталуы, бюджеттік бағдарламалар мен мемлекеттік сатып алуды белсенді іске асыруға байланысты заңды тұлғалар жағынан долларға деген сұранысының өсуі негізгі факторы болды. Десе де, бұл өзгерістер қысқа мерзімді және бірқалыпты сипатқа ие.



«Жалпы сыртқы орта қалыпты. Ал ішкі факторлар маусымдық сипатқа ие. Бұл жағдайда айырбастау бағамының айтарлықтай өзгеруі үшін негіз жоқ. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын икемді бағам белгілеу режимін ұстануды жалғастырады», - деді Тимур Сүлейменов.

 

Жалпы халықаралық резервтер жыл басынан бері 7,4%-ке өсіп, маусым айынгың соңында 112,3 млрд доллар болды. Бұл туралы Ұлттық Банк төрағасы Тимур Сүлейменов айтты.

Ол Ұлттық Банктің алтын-валюта резервтері жыл басынан бері 52 млрд долларға дейін яғни 13,5%-ке ұлғайғанын атап өтті.

Ұлттық қордың активтері жыл басынан 2,6%-ке ұлғайып, 60,3 млрд долларды құрады.



«Ұлттық қорға түсетін түсімдер жыл басынан 1,8 трлн теңге, ал Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферт көлемі 3,1 трлн теңге болды. Ұлттық қордың 6 айдағы инвестициялық табысы 7,8% немесе 4,7 млрд доллар құрағанын атап өту қажет», - деді Тимур Сүлейменов.