Венгриямен қазақстандық мұнайды жеткізу жөнінде келіссөздер жүріп жатыр


Энергетика министрлігі Венгриямен қазақстандық мұнайды жеткізу жөніндегі келіссөздердің барысы туралы жазды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
«Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігі экспорттық операциялардың рентабельділігін арттыру және елдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайту үшін мұнайды тасымалдаудың жаңа мүмкіндіктері мен маршруттарын дәйекті түрде дамытуда.
Еуропа елдерімен энергетикалық ынтымақтастықты кеңейту және экспорттық маршруттарды әртараптандыру шеңберінде қазақстандық мұнайды Венгрияға жеткізу мәселесі пысықталуда»,- деп хабарлады Энергетика министрлігі.
Бүгінгі таңда қазақстандық тараптан тасымалдаудың техникалық мүмкіндігі расталды, бұл алдағы қадамдарға негіз жасайды.
«Коммерциялық шарттар жөніндегі келіссөздер мұқият зерделеуді қажет ететін күрделі және көп сатылы процесс, сондықтан келесі кезең «ҚазМұнайГаз» АҚ (ҚМГ) мен венгриялық MOL Group компаниясы арасындағы негізгі коммерциялық шарттарды, оның ішінде жеткізу көлемі, баға белгілеу және транзит шарттары мәселелерін талқылау болады. Мұнайдың сынақтық жеткізілімдерін өткізу ынтымақтастықтың ұзақ мерзімді перспективаларын бағалау үшін құрал ретінде қарастырылады.
Тұрақты жеткізудің нақты мерзімі мен шарттары келіссөздер аяқталғаннан кейін және тиісті құжаттарға қол қойылғаннан кейін айқындалады», - деп хабарлады ведомство.
17 ақпанда Астанада Қазақстан Республикасының Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев пен Венгрияның Сыртқы экономикалық байланыстар және сыртқы істер министрі Петер Сиярто энергетика саласындағы ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен даму перспективаларын, оның ішінде қазақстандық мұнайды жеткізу мәселелерін талқылаған болатын.



