Шетелдік мамандар Қазақстанның туризмді дамыту тәжірибесін жоғары бағалады
Қазақстан Оңтүстік Кореяда өткен KOPIST 2023 (Кореяның тұрақты туризм бойынша әріптестік бастамасы) форумына қатысты, деп хабарлады Elorda.info.
Іс-шараны Кореяның Мәдениет, спорт және туризм министрлігі мен Корея туристік ұйымы ұйымдастырды. Форумға қазақстандық туризм саласының өкілдерімен қатар, Филиппин, Индонезия, Вьетнам, Парагвай, Лаос және т.б. елдердің мамандары қатысты.
Жиында елімізді ҚР МСМ Туризм индустриясы комитетінің төрағасы Дастан Рыспеков таныстырды. Панельдік талқылау барысында ол туристік нарық құрылымындағы негізгі өзгерістер және демалушылардың сұранысына ие бағыттар мен қызмет түрлері туралы айтты.
Қазақстанда қабылданған туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары мен eQonaq ақпараттық жүйесі шетелдік мамандардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Шетелдік әріптестерімізге Қазақстанның туризмді дамытудағы мемлекеттік қолдау тәжірибесі қызық болды. Жақында ғана енгізген туроператорлардың шығындарын субсидиялау, бизнеске техника сатып алу және туристік инфрақұрылым салу шығындарының бір бөлігін өтеуді қарастыратын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау шаралары олардың назарын аударды. Сондай-ақ, форум қонақтары мен ұйымдастырушыларға eQonaq жүйесі мен туризмді дамытудың өзге де тетіктері туралы айттым, - деді Д.Рыспеков.
Айта кетейік, бүгінде Қазақстанда туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың 7 тетігі бар. Ол әрбір шетелдік турист үшін туроператорлардың шығындарын субсидиялау, балаларға ел ішінде авиабилеттердің құнын субсидиялау, кәсіпкерлердің тау шаңғысы жабдықтарын, көлік құралдарын сатып алуға (25%), жол бойындағы сервис объектілерін салуға, туристік объектілерді салуға және реконструкциялауға (10%) шығындардың бір бөлігін өтеу, сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстауға арналған субсидиялар (айына 83 300 теңге) жатады.
eQonaq – туристік ағымды және көші-қонды бақылап, есепке алу және талдауға арналған ақпараттық жүйе.