Несие төлеуді кешіктірген жағдайда не істеу керек


Бүгінде қазақстандықтар түрлі себеппен несие алып жатыр. Қарызға ақша алғаннан кейін оны ай сайын уақытында өтеу өз алдына жауапкершілік. Егер қарыз алушы несие төлеуді кешіктірсе не болады? Мұндай жағдайда не істеу керек? Elordainfo.kz тілшісі дайындаған материалдан оқыңыз.
Fingramota.kz жазуынша, егер қарыз алушы кредит бойынша өз міндеттемелерін орындай алмаса, онда бірінші кезекте ол төлеу мерзімі өткен күннен бастап 30 күн ішінде жазбаша өтінішпен немесе шартта жазылған өзге де тәсілмен кредитті қайта құрылымдау үшін өзіне қызмет көрсеткен банкке немесе микрокредиттік компанияға жүгінуі қажет.
Қарыз алушы өтініш жазған кезде өз міндеттемелерін орындамау себебі мен болашақта несиені өтеу бойынша өз нұсқаларын көрсету керек. Сонымен қатар өтінішке қаржылық жағдайдың нашарлағанын растайтын құжаттар міндетті түрде қоса берілуі тиіс. Ол несие бойынша өз міндеттемелеріңіздің толық көлемде орындауға мүмкіндік бермейтін қаржылық және әлеуметтік жағдай туралы, кірістердің төмендеуі немесе болмауы туралы ақпарат. Бұл құжаттарды ұсынбау қарыз алушының өтінішін қараусыз қалдыру үшін негіз болады.
Осыдан кейін банк немесе МКҰ қарыз алушының бүгінгі қаржылық және әлеуметтік жағдайы (төлем қабілеттілігі), кепілді тұрғын үй, мерзімі өткенге дейін қарыз бойынша міндеттемелерді уақытында орындау сияқты факторларды ескере отырып, өтінішті қарау рәсімін бастайды.
Банк немесе МҚҰ 15 күнтізбелік күн ішінде қарыз алушыға жауап беруге тиіс:
- шарт талаптарына ұсынылған өзгерістерді қабылдау арқылы келісу;
- шарт талаптарын өзгерту бойынша өз ұсыныстарын беру;
- бас тарту, бірақ себептердің дәлелді негіздемесін көрсете отырып.
Егер қарыз алушыға ыңғайлы нұсқа табылмаса не істеу керек?
Егер қарыз алушы қарызды қайта құрылымдау шарттары бойынша кредитормен келісімге келе алмаса немесе кредитор мерзімі өткен берешекті реттеу рәсімдерін жүргізбесе және дәлелді негіздемелер ұсынылмаса, қарыз алушы кредитордың шешімін алған күннен бастап күнтізбелік 15 күн ішінде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігіне жүгінуге құқылы.
Қарыз алушы өзінің өтінішіне міндетті түрде кредиттік ұйымға жүгінгені және онымен өзара қолайлы шешімге қол жеткізбегені туралы дәлелдемелерді қоса беруі тиіс.
Егер қарыз алушы несиелік ұйымға жүгінбесе не болады?
Бұл жағдайда кредитор мынадай шараларды қолдануға құқылы:
- жәрдемақылар, алименттер, тұрғын үй төлемдерін, нотариус депозитінің талаптарында енгізілген ақшаны, білім беру жинақтау салымы туралы шарт бойынша ақшаны алуға арналған арнайы шоттарды қоспағанда, борышкердің шотынан қарызды өтеу шотына қаражат алу;
- берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және реттеуге коллекторлық агенттікке беруге немесе талап ету құқығын үшінші тұлғаларға беруге құқылы.
Қарыз алушы қарыз шарты бойынша міндеттемелерді орындауды кешіктіруге жол берген кезде қарыз шартында кредиттік ұйымның коллекторлық агенттікті тартуға құқығы болған кезде берешекті сотқа дейінгі өндіріп алуға және коллекторлық агенттікке реттеуге беруге жол беріледі. Сонымен қатар несие берушілер мәжбүрлеп өндіріп алу үшін сотқа жүгіне алады. Бұл ретте сот барлық мән-жайларды, оның ішінде кредитор мен қарыз алушының берешегін реттеу бойынша барлық шаралар қабылданғанын ескеретін болады.
Сондықтан қарыз алушы ешқандай жағдайды несие берушіден жасырмау қажет. Мерзімі өткен қарызды өтеу үшін неғұрлым ертерек әрекет етсеңіз, қарызды өтеудің өзара қолайлы нұсқасы соғұрлым тезірек болады.