Ұлттық банк валюта нарығындағы жағдайға қатысты түсінік берді
ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова валюта нарығындағы жағдайға қатысты түсінік берді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2025 жылғы 5 қаңтарда теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 525 теңге деңгейінде ашылып, 1 АҚШ доллары үшін 525-528 теңге аралығында саудаланды. Кешегі сауда-саттық қорытындысы бойынша орташа сараланған бағам 1 АҚШ доллары үшін 526,30 теңге деңгейінде қалыптасып, 0,2%-ға әлсіреді.
Халықаралық қаржы нарықтары жабық болғандықтан, сауда-саттықтағы белсенділік төмен болып, оның көлемі небәрі 119,5 млн АҚШ долларын құрады. Салыстыру үшін айтсақ, 2024 жылғы қаңтарда сауда-саттықтың орташа күндік көлемі 172 млн доллар болған еді, ал 2024 жылғы желтоқсанда 254 млн долларға жетті. Нарық қатысушыларының сұранысы негізінен демалыс күндері жинақталған доллар бойынша қысқа позициямен қалыптасты, - дейді ол.
Сондай-ақ Әлия Молдабекова теңге бағамына қандай сыртқы факторлар әсер етіп жатқанын атап өтті.
Күшейіп тұрған АҚШ доллары дамушы елдердегі басқа валюталар секілді теңгеге де қысым көрсетіп келеді. АҚШ долларының индексі 108 тармаққа жетті – бұл екі жылдағы максимум. Осы жағдайдың өзі инвесторлар тарапынан америкалық валютаға қызығушылық артқанын көрсетеді, ал ол бүкіл әлемдегі ұлттық валюталардың позициясына теріс әсер етеді.
Тағы бір фактор – Ресей рублінің динамикасы. Оған нарық қатысушылары Қазақстанның сауда айналымындағы Ресейдің маңызды рөліне байланысты назар аударуға дағдыланған. Алайда, ұзаққа созылатын мерекелік демалыс кезеңінде Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты бағамы төмен өтімділікпен бұрмалануы мүмкін екенін ескеру қажет. Мұндай кезеңдерде құбылмалылық артуы мүмкін. Мәселен, 2025 жылғы 3 қаңтардағы жағдай бойынша бағам 1 АҚШ доллары үшін 110,6 рубльге дейін әлсіреді, - дейді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.
Спикер теңгеге қарағанда рубльге айрықша, соның ішінде санкциялық сипаттағы факторлар әсер ететінін айтады.
Менің ойымша, қазіргі жағдайдағы Ресей рублінің динамикасы бағдар болмауға тиіс және ол нарықтың шамадан тыс реакциясына ықпал етуі мүмкін. Ал бұл жергілікті нарықта бағамның қалыптасуын бұрмалап, артық құбылмалылыққа әкеледі. Қазіргі уақытта біздің елдеріміздің нарықтары әртүрлі жағдайда жұмыс істейтіні анық. Сондықтан осы жағдайларда Ресей рублінің АҚШ долларына қатысты күрт ауытқуы теңге/доллар айырбастау бағамында көрінбеуі керек, өйткені ол іргелі экономикалық шындыққа сәйкес келмейді, - деп түйді сөзін ол.