Ұлттық банк теңге бағамына қатысты жаңа мәлімдеме жасады
Ұлттық банк теңге бағамы және елдегі валюта нарығы жағдайын баяндады. Желтоқсанның соңында ұлттық валюта 2,5 пайызға әлсіреген, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Ұлттық банктің мәліметінше, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа күндік көлемі бір айда 262 млн-нан 254 млн АҚШ долларына дейін төмендеді. Сауда-саттықтың жалпы көлемі 5,3 млрд АҚШ долларына тең болған.
«Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін желтоқсанда 900 млн АҚШ долларына валюта сатылды. Ұлттық қордан сату үлесі жалпы сауда-саттық көлемінің 17 пайызына немесе күніне шамамен 43 млн АҚШ долларына жетті. Ұлттық банк Ұлттық қордың қаражатымен операциялар жүргізу кезінде нарықтық бейтарап қағидатын сақтайды, бұл шетел валютасын ұдайы және біркелкі сатуды білдіреді», - делінген мәлімдемеде.
Республикалық бюджетке трансферт бөлуге Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері бойынша 2025 жылғы қаңтарда Ұлттық банк Ұлттық қордан 750 млн АҚШ долларынан 850 млн АҚШ долларына дейінгі мөлшерде валюта сатылады деп күтеді.
БЖЗҚ-да валюталық активтер үлесі 2024 жылдың соңында 40 пайыздан сәл жоғары болды. Ұлттық банк желтоқсанда зейнетақы активтерінің инвестициялық портфеліне АҚШ долларын сатып алған жоқ. 2025 жылғы қаңтарда БЖЗҚ-қа валюта сатып алу жоспарланбаған.
Ішкі валюта нарығында шектеулі ұсыныс кезінде экономикалық агенттер тарапынан шетел валютасына жоғары сұраныс сақталды.
Тұрақсыздық тудыратын ауытқулардың алдын алып, теңге бағамының шамадан тыс құбылмалылығын реттеу мақсатында және белгілі бір кезеңдерде шетел валютасының ұсынысын қамтамасыз ету үшін Ұлттық банк желтоқсанда валюталық интервенция жүргізді. Айдың қорытындысы бойынша валюта сату көлемі 307,6 млн АҚШ долларына тең болды.
«Ұлттық банк транспаренттілік қағидаты аясында валюта нарығында жүргізілетін операциялар туралы толық ақпаратты ашып көрсетуді жалғастырады. Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді», - деді Ұлттық банк ақпаратында.