Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады

11 сәуір, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Ұлттық банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдады
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Ұлттық банк базалық ставканы 16,5% деңгейінде сақтап қалу туралы шешім қабылдады, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитеті базалық мөлшерлемені +/- 1 п.т. дәлізімен жылдық 16,5 пайыз деңгейінде белгілеу туралы шешім қабылдады.

Инфляцияға әсер етуші факторлардың тепе-теңдігін, оның қазіргі қарқынын, сыртқы ортадағы проинфляциялық үрдістер мен белгісіздік деңгейін ескере отырып, алдағы шешімдер аясында базалық мөлшерлемені төмендетуге алғышарттар әзірге қалыптасқан жоқ, - деп жазылған хабарламада.

Ұлттық банктің Ақша-кредит саясаты комитетінің базалық мөлшерлеме бойынша кезекті жоспарлы шешімі 2025 жылғы 5 маусымда Астана уақытымен сағат 12:00-де жарияланады.

Базалық мөлшерлеме деген не?

Базалық мөлшерлеме – коммерциялық банктерге Ұлттық банк қысқамерзімді несиелер беретін және коммерциялық банктерден депозиттер қабылдайтын пайыздық мөлшерлеме. Ол азаматтарға берілетін несиелер бойынша мөлшерлемені белгілеуде маңызды рөл атқарады, елдегі инфляция деңгейіне де әсер етеді.

Қарапайым тілмен айтқанда, базалық мөлшерлеме – ел экономикасы мен банк секторы үшін негізгі бағыт. Оның мөлшерін Ұлттық банк белгілейді: арттыруы немесе төмендетуі мүмкін. Сонымен қатар базалық мөлшерлеме – елдің ақша-несие саясатының негізгі құралы.