Әлихан Смайылов халықаралық валюта қорына ризашылығын білдірді
Қазақстан мен Халықаралық валюта қоры арасындағы таяу және орта мерзімді перспективаға арналған ынтымақтастық жоспарлары талқыланды, деп хабарлады Elorda.info.
Кездесу барысында Үкімет Халықаралық валюта қорымен серіктестікке үлкен мән беретіні және оның Қазақстан экономикасын дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалайтыны аталып өтілді.
Биылғы маңызды оқиғалар – Халықаралық валюта қорының басқарушы директоры Кристалина Георгиеваның Қазақстанға сапары және Алматыда Кавказ, Орталық Азия елдері және Моңғолия үшін әлеуетті дамыту жөніндегі өңірлік орталықтың ашылуы болды.
Үкімет басшысы халықаралық рейтингтік агенттіктердің Қазақстанның тәуелсіз несиелік рейтингін инвестициялық деңгейде растағанын айтты. Сондай-ақ қазан айында Moody's агенттігі рейтинг бойынша болжамын «тұрақтыдан» «позитивтіге» дейін жақсартты.
Премьер-министрдің сөзінше, қазіргі уақытта Қазақстанда салық-бюджет саясатын жетілдіру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бюджеттік процестерді оңтайландыруға, бюджетаралық қатынастарды жақсартуға және жалпы мемлекеттік қаржыны басқару сапасын арттыруға бағытталған жаңа Бюджет кодексі әзірленуде. Бұдан бөлек, жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр.
Біздің басты міндетіміз – макроэкономикалық тұрақтылықты және тұрақты экономикалық өсуді әрі қарай қамтамасыз ету. Осы тұрғыда Халықаралық валюта қорына тұрақты қолдау көрсеткені үшін ризашылығымызды білдіреміз, — деді Әлихан Смайылов.
Өз кезегінде Николя Бланше Қазақстанның болашақта ауқымды экономикалық өсуге қол жеткізуі үшін қуаты мен мүмкіндіктері жеткілікті екенін атап өтті.
Біз республиканың қарқынды өсу жолындағы амбициясын көріп отырмыз және қол жеткізген жетістіктерін ескереміз. Прогресс көптеген салада байқалады. Бұл өсімге қандай жолмен қол жеткізілетіні өте маңызды. Біз кеңестеріміз бен ұсыныстарымызда дәл осы жолдарды көрсетеміз. Біздің ойымызша, жеке сектор мемлекеттің қолдауымен жетекші рөл атқаруы керек, — деді ХВҚ-ның Қазақстандағы миссиясының басшысы.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстанның қаржы секторын одан әрі жетілдіру және дамыту үшін өзара іс-қимылды жалғастыруға дайын екендіктерін растады.