Энергетика министрлігі мен CNPC мұнай-газ саласындағы негізгі жобаларды талқылады

Энергетика министрлігі мен CNPC мұнай-газ саласындағы негізгі жобаларды талқылады
Фото: ҚР Энергетика министрлігі

ҚР Энергетика вице-министрі Ерлан Аккенженов Қытай ұлттық мұнай-газ корпорациясы (CNPC) өкілдерімен жұмыс кездесуін өткізді. Кездесуге сондай-ақ «ҚазМұнайГаз» және QazaqGaz компанияларының өкілдері қатысты, деп хабарлады Elordainfo.kz. 

Тараптар ынтымақтастықтың өзекті мәселелерін талқылап, бірқатар стратегиялық маңызды жобаларға ерекше назар аударды. Атап айтқанда, Қазақстанда мұнай өңдеу көлемін ұлғайту үшін маңызды жобалардың бірі – Шымкент мұнай өңдеу зауытын кеңейту, мұнай-газ химиясы саласының дамуы үшін маңызды «Карбамид» жобасы, сондай-ақ елдің газ тасымалдау жүйесінің өткізу қабілетін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік беретін «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының екінші желісін салу мәселелері талқыланды.

Сонымен қатар «МаңғыстауМұнайГаз» және «Өріктау» кен орындары бойынша келісімшарттарды ұзарту, сондай-ақ табиғи газды жеткізу және тасымалдау мәселелері қарастырылды.

«Бұл жобаларды іске асыру Қазақстанның мұнай-газ саласын одан әрі дамыту үшін стратегиялық маңызға ие. Біз қытайлық серіктестермен ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз және бірлескен күш – жігермен алға қойылған мақсаттарға қол жеткізе алатынымызға сенімдіміз»,-деп атап өтті Энергетика вице-министрі Ерлан Ақкенженов.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар бірлескен жұмысты жалғастыруға, қосымша техникалық консультациялар өткізуге және өзара тиімді жобаларды іске асыру жөніндегі одан арғы қадамдарды келісуге уағдаласты.