Елімізде ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі енгізіледі

Бүгін, 12:02
Кербез Әлішер Кербез Әлішер
views62
Елімізде ең төменгі жалақыны есептеудің жаңа әдістемесі енгізіледі
Фото: Оңалхан Өнерхан

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова  «Ең төменгі жалақыны белгілеу туралы» Халықаралық еңбек ұйымының №131 конвенциясын ратификациялауды ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Қазақстан еңбек жағдайлары, еңбекті және әлеуметтік қорғаудың, әлеуметтік диалогтың негізгі мәселелерін қамтитын еңбек саласындағы Халықаралық еңбек ұйымының 28 конвенциясын ратификациялады. Бүгінгі күні қаралып жатқан Конвенция мынадай жалпы қағидаттарды белгілейді: 1)ең төменгі жалақы жүйесін енгізу;  2)ең төменгі жалақыны белгілеу және қайта қарау кезінде әлеуметтік әріптестік тараптарының қатысуы; 3)ең төменгі жалақыны анықтау кезінде экономикалық факторлар мен жұмыскерлердің қажеттіліктерін есепке алу;  4)еңбекақы төлеу саласындағы кемсітушілікке тыйым салу. Ратификациялау туралы шешім қабылданғанға дейін ұлттық заңнаманы №131 Конвенцияның ережелеріне сәйкес келтіру бойынша жұмыс жүргізілді», - деді министр.

Нәтижесінде 2024 жылы Халықаралық еңбек ұйымының ұсынымдарын ескере отырып әзірленген айлық жалақының ең төмен мөлшерін айқындау әдістемесі бекітілді.

«Аталған әдістемеге сәйкес ең төменгі жалақы медиандық жалақы мен еңбек өнімділігі негізінде анықталады. Бұл тәсіл белгіленген ең төменгі жалақы деңгейінің әлеуметтік әділеттілік пен экономикалық негізділігі арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.Осылайша, қолданыстағы заңнама №131 Конвенцияның ережелеріне сәйкес келеді, ал оны ратификациялау жүргізілген жұмыстың қисынды аяқталуы болады. №131 конвенцияны ратификациялау: 1)Қазақстанның ең төменгі жалақыны айқындайтын қолданыстағы тәсілдерін халықаралық деңгейде бекітуге; 2)әлеуметтік диалогтың құқықтық базасын әсіресе, ең төменгі жалақыны белгілеуге тараптардың қатысуы бөлігінде нығайтуға; 3)Халықаралық еңбек ұйымына мүшелік шеңберінде Қазақстанның халықаралық міндеттемелеріне адалдығын растауға мүмкіндік береді», - деді Светлана Жақыпова.