00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Елде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өсті

21 мамыр, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Елде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы өсті

Премьер-министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен өткен апта сайынғы кеңесте ел өңірлерінде бір аптадағы баға ахуалы мен әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігі талқыланды, деп хабарлады Elorda.info.

Өткен аптада әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 0,2%-ға өсті. Көкөністер – қырыққабат, пияз, сәбіз, картоп бағасының төмен маусымдық өсуі жалғасып отыр. Күріш пен сиыр етінің өсімі байқалды. Нан, тауық еті, май, сүт, айран, тұз, сүзбе бағасы тұрақты.

Сонымен қатар қарақұмық бағасының төмендеуі үш ай қатарынан жалғасып отыр. Апта ішінде жұмыртқа, ұн, қант және түтік кеспе бағасы арзандады.

Күріш бағасының үздіксіз өсуіне қатысты жағдай бөлек талданды. Бір апта ішінде ел бойынша орташа өсім 0,7%-ды құрады, өңірлер бойынша ең үлкен көрсеткіш Ұлытау, Қарағанды, Алматы және Түркістан облыстарында тіркелді. Қызылорда облысы әкімдігінің мәліметінше, бүгінде 380 теңге бағасымен 6 мың тонна өнім қоры дайындалған. Қызылорда өңірінің өндірушілерінен 7 облыс 1 021 тонна күріш сатып алды. Вице-премьер Сауда министрлігіне Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе отырып, жақын арада елдегі күріш өсірушілермен жиын өткізіп, бағаның көтерілу себептері мен бизнестің өзекті мәселелерін анықтауды тапсырды.

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков өткен жылдың маусымаралық кезеңдеріндегі астық қорының қолжетімділігі мен ерте егін жинау нәтижелері туралы баяндады. Келтірілген мәліметтерге сәйкес, республикадағы картоп қоры 107,6 мың тоннаны құраса, халықтың сұранысы мамыр айының соңына қарай 40,7 мың тонна, маусым айының соңына қарай 101,7 мың тоннаны құрап отыр. Осылайша, мамыр-маусым айларындағы республика бойынша бұл көкөністің жалпы балансы қамтамасыз етіліп, картоп қоры қажетті деңгейден төмен өңірлер басқа өңірлерден жеткізілімге келісулері қажет. Мамыр айында оңтүстік облыстардан 1,3 мың тоннаға (Жамбыл облысы, Жетісу облысы, Шымкент қаласы), маусым айында 5,6 мың тоннаға (Жетісу облысы, Ақтөбе облысы, Жамбыл облысы және Шымкент қаласы) ерте пісетін көкөністерді жеткізуге келісімшарттар бар. Жалпы көлемі 12,4 мың тонна импорттық картоп жеткізуге (БҚО, ШҚО, Ақтөбе облысы, Алматы және Астана қалалары) арналған шарттар бар.

Мамыр айының бірінші онкүндігінен бері Түркістан облысында ерте пісетін картоп 5,8 мың тонна көлемінде жиналды. Маусым айында жалпы өнім 109,5 мың тонна, шілдеде 108,8 мың тонна болады деп күтіліп отыр. Сондай-ақ Алматы облысында ерте пісетін картопты 37,8 мың тонна, маусым айында 3,5 мың тонна, шілдеде 34,3 мың тонна көлемінде жинау жоспарлануда.

Былтырғы сәбіздің қоры да қажетті қамтамасыз ету шегінде тұр. 2,9 мың тонна көлемінде импорттық сәбізді жеткізуге шарттар бар (Жамбыл, БҚО, ШҚО, Ақтөбе облысы, Алматы, Шымкент және Астана қалалары). Түркістан облысында ерте пісетін сәбіздің жалпы өнімі 30,3 мың тоннаны құраса, оның 980 тоннасы маусым айында, 29,3 мың тоннасы шілдеде алынады деп күтілуде.

Пияз бен қырыққабаттың жағдайы басқаша. Мамыр айында елімізде бұл көкөністердің былтырғы қоры қажетті деңгейде болғанымен, ол маусым айында жеткіліксіз болады. Импорттық пиязды жеткізу бойынша келісім-шарттар 4,5 мың тоннаны құрайды. Маусым-шілде айларында Жамбыл және Түркістан облыстарында 161,2 мың тонна көлемінде ерте өнім беретін пияз жиналады деп күтілуде, бұл күзгі жиын-терім науқанына дейін халықтың қажеттілігін өтейді.

Түркістан облысында ерте пісетін қырыққабат сәуір айынан бастап жиналады. Қазіргі уақытта 68,7 мың тонна жиналса, шілде айының соңына дейін 125 мың тонна жиналады деп күтілуде. Ербол Тасжүрековтің айтуынша, Түркістан облысынан келетін ерте пісетін қырыққабат есебінен ішкі нарықтың қажеттілігін қамтамасыз етуге болады.

Жиын қорытындысы бойынша Серік Жұманғарин өткен жылғы егіннің қолжетімділігі мен сапасын тексеруді, сондай-ақ көкөніс жеткізушілермен және тұрақтандыру қорлары өкілдерімен кездесу өткізіп, ерте пісетін көкөністердің қажеттілігін нақтылауды тапсырды.