Екі мыңнан астам кәсіпкерге 2,4 млрд теңге қайтарылады
Бас көлік прокуратурасы құқық қорғау қызметі аясында бизнес субъектілерінің құқықтарына нұқсан келтіретін фактілерді анықтады, деп хабарлады Elorda.info.
2022 жылдан бастап қоршаған ортаға теріс әсер еткені үшін төлеу бойынша міндеттемелер өзгертіліп, кәсіпкерлердің жекелеген санаттары экологиялық төлемдерден босатылған.
Осыған қарамастан, бұл мән-жайларды білмей, кәсіпкерлер тиісті төлемдерді жүргізуді жалғастырған, ал салық органдары олардың негізсіз шығындарын болдырмау мақсатында тиісті түсіндіру жұмыстарын жүргізбеген.
Мысалы, осындай төлемдерді төлеушілер санатына кірмейтін «№3 Sk автовокзал паркі» ЖШС мемлекеттік бюджетке 15 млн-нан астам теңге төлеген.
Сол сияқты басқа 2 203 кәсіпкер де бюджетке негізсіз 2,4 млрд теңгеден жоғары қаражатты аударған.
Көлік прокуратурасының актісі бойынша кәсіпкерлерге ақшалай қаражатты қайтару бойынша жұмыс басталған, 500 артық кәсіпкерге шамамен 30 млн теңге қайтарылды.
Мемлекеттік кірістер комитетіне салық заңнамасындағы өзгерістер туралы ақпаратты бизнес қауымдастыққа тиімді жеткізу жөніндегі шараларды әзірлей отырып, осындай жағдайдың туындау себептерін талдау тапсырылды, - деп хабарлады Бас көлік прокуратурасы.