Елімізде бір жылда тұрғын үй бағасы неше пайызға өсті

Ұлттық статистика бюросы Қазақстанда бір ай және бір жыл ішінде тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша мәмілелер саны мен тұрғын үй бағасына қатысты деректерді назарға ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.
2025 жылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату
Ұлттық статистика бюросы ұсынған мәліметке сәйкес, 2025 жылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша 41 380 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша – 8 527 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша – 32 853 мәміле жасалды. 2025 жылғы шілдемен салыстырғанда (39 742) тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелерінің саны 4,1 пайызға өсті. Мәмілелер саны бойынша Астана (9 457– 22,9 пайыз) және Алматы (8 402 – 20,3 пайыз) қалалары, сонымен қатар Қарағанды облысы (2 923 – 7,1 пайыз) көш бастап тұр. Мәмілелер саны ең аз өңір — Ұлытау облысы: 283 мәміле (0,7 пайыз).
2025 жылғы шілдемен салыстырғанда тамызда мәмілелер санының ең көп өсімі Жетісу (+24,4 пайыз), Ұлытау (+14,6 пайыз) облыстарында және Батыс Қазақстан (+10,2 пайыз) облысында тіркелді. Ал бір айдағы ең көп төмендеу Қызылорда (-19 пайыз), Түркістан (-8,6 пайыз) және Жамбыл (-5,9 пайыз) облыстарында байқалды.
Бір айдың ішінде көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелер саны 5 пайызға (1 576 мәмілеге) көбейген. 2025 жылғы тамызда пәтерлер бойынша барлығы 32 853 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 79,4 пайызы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Астана (28,4 пайыз), Алматы (23,6 пайыз) қалаларына және Қарағанды облысына (7,6 пайыз) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1 бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2025 жылдың тамызында олар бойынша 12 734 мәміле ресімделген.
Тамызда жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер саны шілдемен салыстырғанда 0,7 пайызға (62 мәмілеге) өсті. Тамызда барлығы 8 527 мәміле тіркелген. Жеке тұрғын үйлер бойынша мәмілелер санының ең көп өсімі Ұлытау (+33,3 пайыз), Батыс Қазақстан (+14,6 пайыз), Жетісу (+14,3 пайыз), облыстарында байқалды. Ал бір айдағы төмендеу Астана қаласында (-10,7 пайыз) және Солтүстік Қазақстан (-9,9 пайыз), Ақмола (-8,6 пайыз) облыстарында болды.
2025 жылғы тамызда тұрғын үйді сатып алу-сату мәмілелері былтырғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 1,3 пайызға өсті, ол кезде 40 832 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Алматы қаласында (16,0 пайыз) байқалады, ең үлкен төмендеу – Ұлытау облысында (-29,8 пайыз). 2025 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санын 2024 жылғы қаңтар-тамыз айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда 3 пайызға өсім байқалады.
Бір жылда жаңа тұрғын үйлерді сату
Бір жылда (2025 жылғы тамыз 2024 жылғы тамызға) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы 11,3 пайызға, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату бағасы 8,8 пайызға жоғарылады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу төлемі 8,5 пайызға артты.
Өңірлер бөлінісінде жаңа үйлер жылдық мәнде Павлодар қаласында – 25,8 пайыздан, Қызылорда, Алматы қалаларында – 15,3 пайыздан, Шымкент қаласында 14,8 пайыздан едәуір қымбаттады. Қолданыстағы пәтер нарығында бағаның ең жоғары өсімі Ақтөбе қаласы (20,2 пайыз), Павлодар қаласы (17,8 пайыз), Алматы қаласы (16,6 пайыз), тұрғын үйді жалға алу нарығында – Ақтөбе қаласы (43,5 пайыз), Көкшетау қаласы (21 пайыз), Жезқазған қаласында (20,2 пайыз) тіркелген.
Бір айдың ішінде (2025 жылғы шілдеге қарағанда 2025 жылғы тамызда) жаңа тұрғын үйді сату бағасы 1,9 пайызға, пәтерлерді қайта сату 1,2 пайызға өссе, тұрғын үйді жалға алу төлемі 1,7 пайызға қымбаттады.
Ұлттық статистика бюросы тұрғын үй бағасы бойынша ай сайын мониторинг жүргізеді. Баға индекстері облыс орталықтары мен Астана, Алматы, Шымкент қалалары бойынша іріктелген байқау деректері негізінде қалыптастырылады. Жаңа тұрғын үйлер бойынша ақпарат сату бойынша операциялар жүргізетін құрылыс компанияларынан жиналады, бұл ретте пәтердің бастапқы және алдын ала таза әрленгендегі бағасы ескеріледі.
Пәтерлерді қайта сату және жалға алу бойынша деректер интернетте, бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылатын хабарландырулар негізінде жиналады. Бағаларды есептеу кезінде бір, екі, үш бөлмелі пәтерлер бойынша ұсыныстар есепке алынады, - деп түсіндірді бюро өкілдері.