00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін төмендеді

23 ақпан, 2024
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін төмендеді
коллаж Elorda.info

Базалық мөлшерлеме 14,75%-ға дейін төмендеді.

Қаңтарда жылдық инфляцияның төмендеу үрдісі жалғасын тапты. Инфляциялық күтулер үш ай қатарынан баяулап келеді. Ал айлық инфляция орташа жылдық мәндерден жоғары қалыптасуда. Сыртқы инфляциялық жағдай бейтарап күйде қалыптасып отыр. Бірқатар сауда-серіктес елдерде инфляция біршама қарқын алып, сыртқы инфляциялық қысым сәл күшейді. 

Бүгінгі жағдайда ақша-кредит саясатын жұмсартуға мүмкіндік едәуір шектеулі. Инфляциялық факторларда қалыптасқан баланс, оның қазіргі (айлық) қарқынының динамикасы және фискалдық саясат параметрлеріндегі белгісіздік алдағы уақытта шешім қабылдау кезінде базалық мөлшерлеменің бүгін қалыптасқан деңгейінде сақталу ықтималдығын арттырып отыр. Бұл ретте деректерді жинау, сондай-ақ экономикалық және фискалдық реформалардың іске асырылуын мониторингтеу қажет.

Жылдық инфляция 2024 жылғы қаңтарда 9,5%-ға дейін баяулады. Бұл Ұлттық Банктің болжамына сәйкес келеді. Бағалардың жалпы өсіміндегі баяу үрдіс – жүргізіліп жатқан ақша-кредит саясатына, жаһандық инфляциялық қысымның және өндіріс шығасыларының төмендеуіне, логистикалық тауар жеткізу жолдарының біртіндеп қалпына келуіне, биліктің инфляцияға қарсы шараларына, сондай-ақ өткен жылғы жоғары база әсерінің ықпалына байланысты, - деді Ұлттық банктің баспасөз қызметі. 

Айлық инфляция орташа жылдық мәндерден (0,6%) жоғары қалыптасып, 0,8% құрады. Тұтынушылық бағалардың өсуіндегі орнықты бөлікті сипаттайтын базалық инфляция және маусымдық факторлар ескерілмеген инфляция біраз қарқын алып, таргеттен жоғары деңгейде қалыптасып отыр.

Үш ай қатарынан баяулап, қаңтарда біршама төмендеген халықтың инфляциялық күтулері базалық мөлшерлеменің төмендеуіне себеп болды.

2024 жылға инфляция болжамы 7,5-9,5% аралығында, 2025 жылға 5,5-7,5% шегінде сақталды. 2026 жылы инфляция 5-6% шегінде болжанып отыр. 

Ағымдағы параметрлерге сәйкес Қазақстан экономикасының 2024 жылы өсу болжамы 3,5-4,5%-ға дейін көтерілді. Ал 2025 жылға болжам 5,5-6,5% аралығында сақталды. 2024 жылы экономиканың өсуі іскерлік белсенділік жағдайының жақсаруына байланысты ішкі сұраныс есебінен қамтамасыз етіледі. 2025 жылы экономиканың мейлінше жоғары өсуі, көбіне, ТШО-да өндірістің кеңеюі есебінен мұнай өндірудің артуымен қамтамасыз етіледі. 2026 жылы мұнай бағасының сценарийге сәйкес төмендеуінен және болжамның ағымдағы алғышарттарынан ЖІӨ-нің өсу қарқыны 3,5-4,5% болады. Қазақстанда жаңа экономикалық саясаттың қалыптасуы мен іске асуына қарай ЖІӨ өсуі мен инфляция болжамдары қайта қаралуы мүмкін.