Қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге салық төлеу үшін бір ай уақыт берілді

Қазақстандық блогерлерге 53 млрд теңге салық төлеу үшін бір ай уақыт берілді
Фото: freepik

Қазақстандық блогерлер миллиардтаған теңгеге салық бойынша хабарламалар алды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Мемлекеттік кірістер комитеті мәліметінше, 594 адам кірісін жалпы сомасы 53,3 миллиард теңгеге төмендеткен.

«Мемлекеттік кіріс органдары салық міндеттемелерін толық орындау мақсатында блогерлерге, жеке тұлғаларға салықтық әкімшілендіруді тұрақты түрде жүргізеді. Тексеріс нәтижесінде 594 тұлғаға 53,3 млрд. теңгеге сәйкессіздіктер белгіленді, нәтижесінде 13-14 ақпан аралығында «кірістерді төмендету» бойынша камералдық бақылау хабарламалары жіберілді», - деп жазылған хабарламада.

Енді блогерлер нақтыланған салық есебін тапсырып, салық төлеуі керек немесе 30 жұмыс күні ішінде түсініктеме беруі қажет.

«Хабарламаны орындау мақсатында дербес есептелген салықтарды төлей отырып, қосымша салық есебін тапсырады немесе хабарламамен келіспеген жағдайда түсіндірмені ұсынуы қажет. Хабарламаның орындалу мерзімі - 30 жұмыс күні», - деп жазылған хабарламада.

Комитет әртүрлі интернет ресурстарда жарияланған онлайн жарнамаларға (ақпараттық өнімдерді сату, әртүрлі оқыту курстарын сату, ұтыс ойындарын өткізу және т.б.) назар аударылатынын ескертті.

«Көрсетілген міндеттемелер Қазақстан Республикасының Конституциясында және Салық кодексінде белгіленген», - деп жазылған хабарламада.