Қазақстан мен Мысыр туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

20 ақпан, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Қазақстан мен Мысыр туризм және спорт саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Фото: Туризм жəне спорт министрлігінен

ҚР Туризм және спорт министрінің орынбасары Ержан Еркінбаев Мысыр Араб Республикасының Сыртқы істер министрінің орынбасары Ахмед Шахинмен кездесті, деп хабарлады Elordainfo.kz.  

Әңгіме барысында тараптар туризм және спорт саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту мәселелерін талқылады.

Қазақстан мен Мысыр арасындағы тарихи және мәдени байланыстар ғасырлар бойы жалғасып келеді. Бүгінде туризм екі ел арасындағы өзара іс-қимылдың негізгі бағытына айналған. Бірегей табиғи және тарихи көрікті жерлерге ие Мысыр отандық туристер үшін ең танымал бағыттардың бірі саналады.

Сондай-ақ кездесу екі ел арасындағы туристік ағынды одан әрі дамыту мәселесі де сөз болды. Қазіргі таңда Қазақстан мен Мысыр арасындағы әуе рейстерінің саны аптасына 30 рейске дейін жеткен.

Қазақстан өз кезегінде мысырлық туристерге демалу мен саяхаттау үшін бірегей мүмкіндіктер ұсынады. Қазақстанның әртүрлі ландшафттары – тау шыңдарынан бастап, шөлі мен көлдеріне дейін – экотуризм, этнотуризм, іскерлік туризм және басқа да бағыттардың белсенді дамуына мүмкіндік береді.

«Екіжақты ынтымақтастықты нығайту мақсатында Мысыр тарапына биыл 23-25 сәуір күндері Алматыда өтетін KITF халықаралық туристік көрмесіне қатысуды ұсынамын. Сондай-ақ инвестициялық әлеует туралы ақпарат алмасу және туризм саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру мүмкіндіктерін талқылауды ұсынамын», – деді министрдің орынбасары Е.Еркінбаев.

Кездесуде спорт саласындағы ынтымақтастыққа да ерекше көңіл бөлінді. Былтыр Астанада өткен V Дүниежүзілік көшпелі ойындар аясында Мысыр спортшылары мас-рестлинг бәсекесіне қатысты. Этникалық мәдениетті, спортты және туризмді дамытуға бағытталған бұл ауқымды жоба әлемнің көшпелі халықтарын біріктіріп, жер-жаһанның түкпір-түкпірінен келген туристердің назарын аударды.