Қазақстан – өңірдегі инвестиция тарту бойынша көшбасшы


Соңғы жылдары Қазақстан шетелдік инвестицияларды тарту бағытында айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, елдің халықаралық аренадағы позициясын нығайтуда, деп хабарлады Elordainfo.kz Сыртқы істер министрлігіне сілтеме жасап.
Инвестициялық қолайлы ахуалды қалыптастыру және ірі халықаралық жобаларды іске асыру – мемлекеттің негізгі басымдықтарының бірі. Қабылданған шаралар инфрақұрылымды дамытуға, стратегиялық экономикалық салаларды қолдауға және елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында елдің экономикалық дамуы үшін инвестициялар тартудың маңыздылығын атап өтті: «Дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажет шара».
ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша 2024 жылдың тоғыз айында тікелей шетелдік инвестициялардың (ТШИ) жалпы ағыны 12,7 млрд АҚШ долларын құрады. Сонымен қатар БҰҰ Азия мен Тынық мұхиты үшін Экономикалық және әлеуметтік комиссияның (UN ESCAP) мәліметтері бойынша 2024 жылы Қазақстанда 15,7 миллиард АҚШ доллары көлеміндегі жаңа жобаларға инвестиция тартылып, 2023 жылмен салыстырғанда 88%-ға өсті. Бұл Солтүстік және Орталық Азия өңіріндегі барлық инвестициялардың 63%-ын құрайды.
2024 жылы шетелдік инвесторлар жалпы құны 1,3 млрд АҚШ долларын құрайтын 45 жобаны жүзеге асырды, бұл 6 мыңнан астам жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік берді. Маңызды жобалардың ішінде құны 50 млн АҚШ долларын құрайтын «Carlsberg» өндірістік алаңының ашылуын, инвестиция көлемі 450 млн АҚШ долларын құрайтын және 1000-нан астам жұмыс орнын ашатын вольфрам кенін қайта өңдеу бойынша «Жетісу Вольфрамы» зауытының бірінші кезеңінің іске қосылуын атап өтуге болады. Сондай-ақ Шымкентте «WAN SHENG CERAMIC» керамикалық плиткаларын өндіру және Қостанай облысында «SKODA» және «HONGQI» маркалы автокөліктерін ірі тораптық өндіру бойынша зауыттар ашылды. Алматы облысында жергілікті ауыл шаруашылығын қолдау аясында 160 млн АҚШ доллары көлеміндегі «PepsiCo» компаниясының жобасы да ерекше маңызға ие.
2024 жылы Мемлекет басшысының сапарлары аясында экономиканың негізгі салаларында бірқатар құжаттарға қол қойылды. «Power International Holding» катарлық компаниясы «Tele2», «Altel» және «Bereke Bank» сатып алу бойынша мәмілелерді аяқтады. «UCC Holding» араб инвесторы «КС-14» жаңа компрессорлық станциясын, «КС-14-Ақтөбе-Қостанай» магистральдық газ құбырын және «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының екінші желісін салу жобаларын іске асыруда. Бұл жобалар инфрақұрылымды дамытуға және өңірдің энергетикалық қауіпсіздігін нығайтуға бағытталған. Бұдан басқа «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі, «Hassad Food» және «Tiryaki Agro» жобалық қуаты жылына 250 мың тоннаға дейін бидай және 100 мың тоннаға дейін бұршақ өндіретін Астанада астық өңдеу зауытын салу бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Автомобиль жасау саласында 2025 жылы автомобиль өндірісін бастауды жоспарлап отырған «KIA», «Changan», «Haval» және «Chery» компанияларымен бірлескен жобалар ерекшеленеді.
Қазақстан Үкіметі реттеуші шаралардың ашықтығын арттыра отырып, жүйелі кедергілерді жою және инвесторлар үшін қолайлы жағдайлар жасау бойынша белсенді жұмыс істеуде. Қазақстанның бәсекелестік артықшылықтары бар басым тауашалардағы өңірлердің қажеттіліктерін ескере отырып, «инвестицияларға тапсырыс беру» негізінде таргеттелген тәсілді қоса алғанда, инвестициялар тарту саласында жаңа тәсілдер енгізілді.
Инвестициялық штабтың жұмысы 50 млрд АҚШ долларынан астам сомаға жобалар бойынша инвесторлардың 115 проблемалық мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. Оның көмегімен 2,3 миллиард АҚШ долларын құрайтын алты инвестициялық келісімге қол қойылды, ал 2025 жылдың басынан екі келісімге қол қойылды және жалпы сомасы 7,5 миллиард АҚШ долларын құрайтын жеті келісім бойынша жұмыс жалғасуда. Сондай-ақ инвестициялық жобалардың іске асырылу барысы мониторингінің ашықтығын, мәселелерді жедел шешуді және инвесторлар үшін кедергілерді азайтуды қамтамасыз ететін Ұлттық цифрлық платформа іске қосылды.
Бұл жетістіктер Қазақстанның қолайлы инвестициялық ахуал құруға және халықаралық аренада сенімді серіктес ретіндегі өз ұстанымын нығайтуға ұмтылысын айғақтайды.