Алдағы 5-10 жылда ЖІӨ өсімі 5-7 пайызға жетеді – сарапшы


Елдің экономикалық дамуы әлеуметтік-тұрақтылық пен халықтың тұрмыс деңгейіне тікелей байланысты. Әсіресе жаһандық экономикалық өзгерістер еліміздегі жалпы ішкі өнім көрсеткішіне әсер етеді. Осыған орай Elordainfo.kz тілшісі бүгінде ел экономикасының өсу қарқыны мен жалпы ішкі өнімнің өсімінің негізгі драйверлері туралы қаржы саласының маманы, экономист Айбар Олжаевпен тілдесті.
Ресми мәліметке сәйкес, 2025 жылдың қаңтар–сәуір айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі 6 пайызға өсті. Бұл соңғы 12 жылдағы ең жоғары көрсеткіш. Негізгі өсім нақты өндіріс салалары мен қызмет көрсету салаларында байқалды.
Экономист Айбар Олжаевтың сөзінше, елімізде жалпы ішкі өнімнің өсуі мұнай бағасына тікелей байланысты.
«Жыл басындағы статистикаға сүйенсек, жалпы ішкі өнімнің өсуіне көлік пен қоймалау қызметтері, құрылыс, өңдеу өнеркәсібі, тау-кен өнеркәсібі мен сауда салалары әсер етті. Биыл біздің экономикамыз 300 млрд долларға жетуі керек деп ойлаймын. Бізде жалпы ішкі өнімнің өсу тенденциясы тұрақты. Одан да көбірек арттыруды қалаймыз. Елімізде жалпы ішкі өнімнің өсуі мұнай бағасының қымбаттап және оның экспорттық көлемінің артуына қатты әсер етеді. Сондықтан біз қаншалықты экспорт көлемін арттырсақ та, мұнай бағасының төмендеуінен экономиканы өсіре алмаймыз. Дегенмен мұнай бағасы төмен болса да, экономикамыз дамып жатыр. Демек ол мұнайдың есебінен емес, өңдеуші өнеркәсіптердің дамуы есебінен. Оған шикізат арқылы дайын тауарларды жасап, экспортқа сататын өнеркәсіптерді жатқызамыз. Бірінші тоқсанда бұл анық байқалды. Биыл осы тенденция әрі қарай жалғасса, ел экономикасына мұнайдың әсер ету факторы азаюы мүмкін»,- деді ол.
Сарапшының сөзінше, ел экономикасы қазіргі таңда Ресейге салынған санкцияларға бейімделді. Сондықтан да бұл жалпы ішкі өнімге әсер ете қоймайды.
«Жалпы ішкі өнімнің өсуі халықтың өмір сүру деңгейіне тікелей әсер етеді. Жалпы ішкі өнім өссе, демек біз тауар шығару, өнім жасау ісін алға қойып жатырмыз деген сөз. Біріншіден, жаңа жұмыс орындары ашылып, халық арасында жұмыссыздық деңгейі азаяды. Екіншіден, ішкі экономикалық белсенділік, яғни ішкі сұраныс артады. Ол ақша массасының көбеюіне алып келеді. Ол кезде адамдардың қолында көбірек ақша болады. Бірақ, бір жағымсыз тұсы бар, бізде ақша көбейген сайын инфляция артып, қымбатшылыққа ұрынамыз. Сондықтан экономикалық өсім мен инфляция арасында ылғи тепе-теңдік болу қажет»,- дейді ол.
Айбар Олжаев алдағы уақытта жалпы ішкі өнім өсімі 7 пайызға жетуі мүмкін екенін айтты.
«Жыл басында экономикалық қарқын жақсы басталды. Бірақ жалпы ішкі өнім көрсеткішін жыл соңына дейін ұстап тұру қиын. Негізгі экономиканың бір жылдық көрсеткішін үшінші тоқсанның статистикасы көрсетеді. Сол уақытта осы рекордық 6 пайызды ұстап тұрсақ жақсы болар еді. Әзірге жылдың екінші жартысында мұнай бағасы қандай болатыны белгісіз. Себебі ол да үлкен рөл ойнайды. Менің ойымша алдағы 5-10 жылда жалпы ішкі өнім өсімі 5-7 пайыз болады деп ойлаймын. Себебі біз дәл қазір жаңа индустрия құру жолдарын қарастырып жатырмыз. Сонда негізгі экономиканың өсуі мұнайдан емес, басқа салалардың дамуынан алға жылжиды деп ойлаймын. 2027 жылға қарай еліміздегі ірі жобалар толық іске асып жатса, экономикамыздың даму көрсеткіші жоғары болады деп есептеймін»,- деді сарапшы.



