Салықтық және кедендік қызмет түрлерін мобильді қосымшалар арқылы алуға болады
Бүгінгі таңда азаматтарға ыңғайлы болу үшін салық және кеден салаларындағы 15 мемлекеттік қызмет түрі «eGov mobile» және «eGov Business» мобильді қосымшаларында қолжетімді. Бұдан басқа, бірқатар мемлекеттік қызметтер мен электронды сервистер «e-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» Мемлекеттік кірістер комитетінің мобильді қосымшаларында қолжетімді, деп хабарлады Elorda.info.
Бүгінде мемлекеттік қызметтерді онлайн форматта алу мүмкіндігі қоғамда оң пікір қалыптастырды.
Электрондық форматқа көшкен 39 мемлекеттік қызметтің келесі 15-і «eGov mobile» және «eGov Business» мобильді қосымшаларында қолжетімді: дара кәсіпкердің мәртебесін тексеру, салық есептілігін қарау және салықтарды төлеу, дара кәсіпкер ретінде қызметтің басталғаны туралы хабарлама, жекелеген қызмет түрлерін жүзеге асыратын салық төлеуші ретінде қызметтің басталғаны және тоқтатылғаны туралы хабарлама және басқалар.
2023 жылдан бастап мемлекеттік мекемелер мен квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері мен олардың жұбайлары кіретін жалпыға бірдей декларациялаудың екінші кезеңі шеңберінде «eGov mobile»-да 250.00 нысанындағы декларацияны ұсыну қызметі іске қосылды.
Сонымен қатар, салық төлеушілердің салық міндеттемелерін орындауын жеңілдету үшін 11 сервис және 2 мемлекеттік қызмет жұмыс істейтін «e-Salyq Azamat» және «e-Salyq Business» арнайы мобильді қосымшалары жұмыс істейді.
Кәсіпкерлерге ыңғайлы болу үшін «Homebank» және «Kaspi.kz» қосымшаларында 910.00 нысаны бойынша салық есептілігін ұсыну, сондай-ақ дара кәсіпкерді тіркеу, дара кәсіпкердің деректемелерін өзгерту, салықтар бойынша борыштар, көлік және мүлік салығы, дара кәсіпкер үшін төлемдер және т. б. сияқты сервистер қосылған.
Бұдан басқа, «бюджетпен, сондай-ақ әлеуметтік төлемдер бойынша есеп айырысулардың жай-күйі туралы дербес шоттан үзінді көшірмелер беру» және «Мемлекеттік кірістер органдарында есепке алу жүргізілетін берешектің жоқ (бар) екендігі туралы мәліметтерді ұсыну» қызметтері, сондай-ақ кейбір сервистер Smart Bridge-ге және kgd.gov.kz комитет порталына шығарылды.
Мемлекеттік кірістер органдары жеке және заңды тұлғаларға 43 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді, оның 26-сы салықтық және 17-сі кедендік бағыттағы қызметтер. Бүгінгі таңда 43 мемлекеттік қызметтің 39-ы (немесе 91%) электрондық форматқа ауыстырылды.