Қаңтарда жылдық инфляция 20,7%-ға жеткен
Үкімет отырысында Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов Қазақстанда жылдық инфляция 20,7%-ға жеткенін айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Оның атап өтуінше, азық-түлік бағасының қымбаттауы инфляцияның өсуіне мейлінше үлес қосып отыр.
Қазақстанда инфляцияның айлық динамикасы 2022 жылғы наурыздағы ең жоғары мәнге (3,7%) жеткен соң төмендеп келеді. Алайда биыл қаңтарда айлық инфляция біртіндеп 1,1%-ға дейін төмендеді. Бұған қарамастан, ол орташа жылдық мәннен едәуір асатын деңгейде қалып отыр. Жылдық мәнде инфляция биыл қаңтарда 20,7%-ға жетті. Азық-түлік бағасының өсуі инфляцияның өсуіне мейлінше үлес қосып отыр, - деді ол.
Шолпанқұловтың сөзіне қарағанда, азық-түлікке жатпайтын инфляция да импорт тауарларының қымбаттауы мен оларға сұраныстың сақталуына байланысты 20,2%-ға дейін жеделдеді. Ақылы қызметтердің инфляциясы 14,2%-ға жеткен.
Логистиканың өзгеруіне, жоғары инфляциялық күтулерге, сұранысты фискалдық қолдауға және кредит берудің ұлғаюына байланысты инфляцияның өсуі жалғасып келеді. Осы тәуекелдер базалық мөлшерлемені ағымдағы деңгейде ұстап тұруды талап етеді, - деді Ұлттық банк төрағасының орынбасары.