Соңғы 9 айда 11 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді
Биыл 9 айда 11,1 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Бұл туралы Үкімет отырысында Энергетика министрі Болат Ақшолақов айтты, деп хабарлады Elorda.info.
Биылдың қаңтар-қыркүйегінде 11,1 млн тонна мұнай өнімдері өндірілді. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңіне қарағанда 107,8%-ды құрады. Атап айтқанда, мұнай өңдеу және мұнай өнімдерін өндіру көлемі өсті, - деді Б. Ақшолақов.
Осы орайда автокөлік бензині 3,7 млн тонна көлемінде өндіріліп, 105,9 пайыз болды. Ал дизель отыны 4 млн тонна ( 108,3%), авиаотын 517 мың тонна (119,1%), мазут бойынша 2,1 млн тонна (117,3%) шығарылды.
Бұған қоса, өңірлерде жанар-жағармай тапшылығына және бағалардың негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша бірқатар шаралар қабылданды. 2023 жылдың қаңтарына дейін жанар-жағармай құю станцияларындағы әлеуметтік маңызы бар мұнай өнімдерінің шекті бөлшек сауда бағалары сақталады. Шекара маңындағы елдерге дизель отынын әкетуге жол бермеу мақсатында оның бағасы сараланып, жанармай құю станциялары арқылы дизель отынын өткізуді есепке алудың электрондық жүйесі іске қосылды, - деді министр.
Сонымен қатар жыл соңына дейін мұнай өнімдерін автомобиль көлігімен экспорттауға тыйым салу мерзімі ұзартылды.
Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында жанар-жағармай материалдары нарығын реформалау, оның ішінде делдалдарды жою жөнінде шаралар кешені қабылданды. Жыл соңына дейін тиісті заңнамалық нормалар қабылданатын болады, - деді ведомство басшысы.
Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында битум өндіру көлемі 707 мың тоннаны құрады.