Елімізде 1,7 млн адам мүлік салығын төлемеген
Қазақстанда 1,7 млн адам 2021 жылға мүлік салығын әлі төлемеген, деп хабарлады Elorda.info Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
1 қазанда жылжымайтын мүлік және жер учаскелерінің меншік иелерінің 2021 жылға есептелген мүлік салығын төлеу мерзімі аяқталады.
2021 жыл үшін мүлік салығы 3,8 млн салық төлеуші бойынша жалпы сомасы 14,3 млрд теңгеге есептелген. Дегенмен, бүгінгі күні шамамен 1,7 млн меншік иесі «2021 жыл» кезеңіне 5,7 млрд теңге сомасына мүлік салығын төлемеген, - деп жазылған хабарламада.
Комитеттің мәліметінше, төленбеген салық сомалары бойынша Алматы қаласының тұрғындары көш бастап тұр (1 379 млн. теңге). Екінші орында – Шымкент қаласы (1 194 млн. теңге), антирейтингтің үштігінде – Астана қаласы (1 094 млн. теңге).
2 қазаннан бастап комитет жеке тұлғалардың салық берешегі туралы хабарламаларды борышкерлерге жіберетінін еске сала кетейік.
1 айлық есептік көрсеткіштен астам берешек сомалары бойынша хабарлама табыс етілген соң отыз жұмыс күнінен кейін берешекті мәжбүрлеп өндіріп алу туралы салық бұйрығы жіберіледі. Бұл салық бұйрығы 5 жұмыс күні өткеннен кейін жеке сот орындаушыларына мәжбүрлеп өндіріп алу үшін беріледі, - деп жазылған хабарламада.