Астанада өнеркәсіп саласына арналған халықаралық көрме ашылды
Бүгін астанада «Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі апталығы» халықаралық көрмесі ашылды, деп хабарлады Elorda.info.
EXPO көрме орталығында өтіп жатқан шарада отандық және шетелдік компаниялар көпшілік назарына заманауи технологиялар мен жаңа жабдықтарын ұсынуда.
Көрменің ашу салтанатында сөйлеген сөзінде Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев барлық шара қатысушыларын кооперациялық ынтымақтастықты дамытуға және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Өнеркәсіптік ынтымақтастықты дамытуды ынталандыру барлық мүдделі елдердің игілігі үшін оңтайлы септігін тигізеді. Біздің өзара тиімді кооперация одан әрі дамуымыз үшін тұрақты тірек болатынына үміттімін, - деп атап өтті министр.
Салтанатты ашылу рәсіміне Қазақстан машина жасаушылар одағы басқармасының төрағасы Мейрам Пішембаев, Түркияның Қазақстандағы елшісі Уфу Экиджи, Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісі Павел Урюпин қатысты.
Биыл екінші мәрте өтіп жатқан көрмеге отандық өндірушілермен қатар әлемнің 16 елінен, жалпы 250-ге жуық компания қатысуда. Шетелдік қатысушылардың қатарында Аустрия, Беларусь, Германия, Дания, Израиль, Испания, Италия, Ресей, Түркия, Өзбекстан, Франция, Чехия, Швейцария, Швеция, Оңтүстік Корея және Иран елдерінің өкілдері бар.
Көрмеде машина жасау, робототехника және автоматтандыру, тау-кен металлургия кешені, химия өнеркәсібі, фармацевтика және медицина, ағаш өңдеу және жиһаз өнеркәсібі, су өнеркәсібі, құрылыс индустриясы мен жеңіл өнеркәсіп бағыттарының өнімдері ұсынылған.
Бұдан бөлек, көрме аясында екіжақты кездесулер, конференциялар мен семинарлар өтіп жатыр. Айталық, химия өнеркәсібінің негізгі түйткілді мәселелері мен дамуына арналған халықаралық конференция, субконтракт биржасы, сондай-ақ, Удмуртия, Пермь өлкесінің кәсіпорындарымен ынтымақтастық орнатуға байланысты жиындар өтуде.
«Қазақстанның өңдеу өнеркәсібі апталығы» халықаралық көрмесі 23 қыркүйекке дейін жалғасады. Көрмеге қатысты барлық ақпарат promweek.kz сайтында орналасқан.