Елорда салық төлеушілеріне қайта тіркеуден өтудің қажеттілігі жоқ
Елорда атауының өзгеруі салық төлеушілердің тіркеу деректерін өзгертпейді. Оларға қайта тіркеуден өтудің қажеті жоқ. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті мәлімдеді, деп хабарлады Elorda.info.
Елорда атауын Нұр-Сұлтан қаласынан Астана қаласына өзгерту салық төлеушілердің: жеке кәсіпкерлердің, жеке практикамен айналысатын жеке тұлғалардың және резидент емес заңды тұлғалардың тіркеу құжаттарын өзгертудің қажеті жоқ. Елорданың бұрынғы атауы бар құжаттар да жарамды болады және мемлекеттік қызметті алу кезінде қолданылады, - деп жазылған хабарламада.
Сондай-ақ салықтарды және бюджетке төленетін төлемдерді есепке алу үшін банк реквизиттері (БСН, мемлекеттік кірістер органдарының кодтары, ИИК, Қазынашылық комитетінің БИК, БСК, КНП) елорда атауының өзгеруіне байланысты өзгеріссіз, бұрынғыдай қалады.
Тек мемлекеттік кірістер органдарының атаулары ғана өзгереді. Мысалы, Нұр-Сұлтан қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті Астана қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті болып өзгереді, сәйкесінше Нұр-Сұлтан қаласының Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр аудандары, Астана-жаңа қала бойынша Мемлекеттік кірістер басқармаларының атауы Астана қаласының Алматы, Сарыарқа, Есіл, Байқоңыр аудандары, Астана-жаңа қала бойынша Мемлекеттік кірістер басқармалары болып өзгереді, - деп жазылған хабарламада.
Бір айта кетерлігі, МКД және МКБ атауларын өзгерту салықтарды және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді төлеу тәртібіне әсер етпейді. Төлем құжаттарындағы реквизиттерді толтыру кезінде МКД және МКБ атауын қолдап терудің қажеті жоқ.
Банктердің мобильді қосымшалары арқылы салықты төлеу кезінде мемлекеттік кірістер органдарының тізімінен тиісті Мемлекеттік кірістер басқармасын таңдау қажет. МКД және МКБ қайта тіркеуден өткенге дейін азаматтар төлем жасау кезінде тізімнен олардың ескі атауын таңдай алады, - деп жазылған хабарламада.