2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанның ЖІӨ 6%-ға өсті

12 маусым, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
2025 жылдың қаңтар-мамыр аралығында Қазақстанның ЖІӨ 6%-ға өсті
Фото: freepik

Ұлттық статистика бюросының алдын ала деректеріне сәйкес, 2025 жылдың қаңтар-мамыр айларында Қазақстанның жалпы ішкі өнімі былтырғы осы кезеңмен салыстырғанда 6%-ға өскен.Мұндай нәтижеге өнеркәсіп пен құрылыс салаларынан бастап сауда, көлік және байланысқа дейінгі негізгі салалардағы өсім қарқынының жеделдеуі ықпал етті, деп хабарлады Elordainfo.kz Экономика министрлігіне сілтеме жасап. 

Өнеркәсіп өндірісі 6,4%-ға артты. Елдің 17 өңірінде өсім байқалды: ең жоғары өсім +22,9% көрсеткішімен кен өндіру, тыңайтқыштар, портландцемент пен қант өндірісінің белсенді дамуының нәтижесінде Жамбыл облысында тіркелді.  Түркістан және Жетісу облыстарында өндіріс 14,8%-ға, Алматы қаласында 14,1%-ға өсті. Шымкент қаласында өсім 18,9%-ға жетті. 


Ауыл шаруашылығындағы өсім 4,0%-ды құрады (қаңтар-сәуір айларындағы 3,9%-бен салыстырғанда). Ең айқын өсім Атырау облысында (+10,4%), Солтүстік Қазақстан облысында (+7,5%) және Ақмола облысында (+6,5%) тіркелді, бұл негізінен мал мен құс сойымының артуы есебінен болды. Түркістан облысында өсім 6,3%-ды, Абай облысында – 3,6%-ды, ал Қостанай облысында – 4,8%-ды құрады.


Құрылыс саласы қарқынды дамып келеді, 15,4%-ға өсті. Он сегіз өңірде өсім тіркелді, ал Маңғыстау облысында мектептер, тұщытқыш зауыт, мұнай және су құбырларын қайта жаңарту, аудандық аурухана және автожолдарды жөндеу сияқты ауқымды жобалардың арқасында жұмыс көлемі екі есеге артты. Қызылорда облысында өсім 64,5%-ды, Қостанайда – 57,8%-ды, Астанада – 51,8%-ды, Түркістан облысында – 46,6%-ды құрады. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алып келеді: бес айдың ішінде 6 млн шаршы метрден астам тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл былтырмен салыстырғанда 5,7%-ға көп. Ең белсенді құрылыс Түркістан облысында (+25,5%), Шымкент қаласында (+23,4%) және Алматы облысында (+20,4%) байқалды.


Негізгі капиталға салынған инвестиция18,2%-ға артты. Бұл өсім көлік, өндірістік және әлеуметтік инфрақұрылымға, сондай-ақ жабдықтар мен жаңа өнеркәсіптік нысандарға бағытталған қаржы салымдарының есебінен қамтамасыз етілді.


Сауда айналымы 7,8%-ға артты (қаңтар-сәуір айының қорытындысындағы 7,0%-бен салыстырғанда). Ішкі сауда құрылымында көтерме сауданың үлесі шамамен 68%-ды құрайды. Ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында көтерме сауда 8,3%-ға, бөлшек сауда 6,5%-ға өсті.


Өсім қарқыны бойынша Түркістан облысы (+66,2%), Ақмола облысы (+48,9%) және Шымкент қаласы (+23,1%) алдыңғы қатарда.
Байланыс және телекоммуникация саласы 2,8%-ға өсті. Бұл Интернет желісі қызметтері есебінен (+13,9%).


Көлік саласы 23,1%-дық өсім көрсетті — бұл көбінесе жүк теміржол көлігінің (+17%) және құбыр арқылы тасымалдаудың өсуінебайланысты (+13,8%). Ең жоғары өсім Жетісу облысында (+39,1%), Абай облысында (+17,7%) және Ақтөбе облысында (+11,3%) тіркелді.


Үкімет елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі Президенттің тапсырмаларының орындалуын жеке бақылауда ұстауды жалғастырып келеді.