Елордада мектеп оқушылары «Шарапат» орталығында тұратын қарт кісілерді туған күнімен құттықтады
Аталған іс-шараның мақсаты – қарттарға көңіл бөліп, ұрпақтар сабақтасытығын жалғастыру.
Бүгін біз мектебіміздің «қайырымдылық – құндылық» жобасы аясында ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыру үшін ата-аналардың қолдауымен қалалық «Шарапат» қарттар үйіне келдік. Оқушылар қарт кісілерді туған күнімен құттықтап, керемет көңіл-күй сыйлады. Басты мақсатымыз – өскелең ұрпақты үлкен кісілерді ардақтауға үйрету, оларға құрмет көрсетуге баулу, қарты бар үйдің қазынасы бар деген түсінікті ұғындыру, – деді Binom Turan мектебінің мұғалімі Азаткүл Мұсағалиева.
Бастауыш сынып оқушылары өнерлерін көрсетіп, ата-аналарымен бірге дастархан жайды әрі кішігірім сыйлықтарын да ала келіп, үлкендердің алғысына бөленді. Белгілі болғандай сәуір айында орталықтағы 20 қарт кісінің туған күні атап өтілді.
«Қарияларымыз – қазынамыз» дегендей халқымыз үлкен кісілерге ерекше құрметпен қараған. Сол себепті қамқорлық көрсету, бүлдіршіндерімізге үлкенді сыйлауды үйрету үшін осында келдік, – деді мектеп оқушысының анасы Айгүл Ниятбекова.
Ал мектеп оқушылары орталыққа келудегі мақсаты мен туған күн иелеріне арнаған жылы тілектерін былайша жеткізді.
Қарттар үйіне келгендегі мақсатымыз – ата-әжелеріміздің көңілін аулау, оларға қуаныш сыйлау, қамқорлық көрсету. Ол кісілерге өз өнерімізді көрсетіп, алғысын алдық. Орталықтағы ата-әжелерімізге зор денсаулық, қуаныш тілеймін! Қарияларымыз аман болсын! – деді оқушы Омар Бүрілбай.