Шымкентте жаппай тәртіпсіздік әрекеттерін жасады деген күдікпен 400-ден аса адам ұсталды
Олардың ішінде 155-не әкімшілік, 50-не қылмыстық іс қозғалды. Жаппай тәртіпсіздік ұйымдастырушылардың 40-50 пайызы шымкенттіктер болса, қалғаны республикамыздың өзге өңірлерінен келгені анықталды.
Бейбіт шеруден басталып бұзақылыққа жалғасқан көтерілісте 17 тәртіп сақшысы түрлі деңгейде жарақат алды, төртеуінің жағдайы ауыр, қаза болғандар жоқ. Одан бөлек 57 полиция автокөлігі толығымен жанды. Мәдени нысандар мен шағын бизнеске келтірілген шығын көлемі анықталуда. 10 күнде белгілі болып, Үкіметте құрылған арнайы комиссияға ұсынамыз, - деді қала әкімі Мұрат Әйтенов.
Қала әкімінің айтуынша, өткен жылы қалаға қойылған бейнекамералар бұзақыларды ұстауға үлкен көмегін тигізген. Заманауи камералар олардың түр-тұлғасын анықтап берген.
6 қаңтар күні Шымкент қалыпты тіршілігін бастады. Қала әкімінің басқаруындағы жедел штаб күшейтілген тәртіпте жұмыс істеп жатыр. Антитеррорлық іс-шаралар әлі де жалғасып жатқандықтан, тұрғындардың төтенше жағдай режимінде кешкі сағат 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін тәртіп сақтауы керек.