Кәсіпкерлерге арналған жаңа қосымша іске қосылды
Мобильді қосымшада кәсіпкерлердің салық төлеуіне байланысты барлық қызмет түрі қамтылған. Қысқаша айтқанда, «E-Salyq Business» қосымшасы – кәсіпкерлердің мемлекеттік кіріс басқармаларына барып алатын қызметтерінің телефондағы нұсқасы.
«Қосымшаны қолданудың артықшылығы сол, кәсіпкерлер салықтар мен әлеуметтік төлемдерді есептеуден босатылады. Өйткені қосымша касса аппаратының фунционалымен жетілдірілген. Касса түбіртектері базасында кәсіпкердің кірісі айқындалады да соның негізінде салықтар мен төлемдер автоматты түрде өзі есептеледі және салық декларациясы да автоматты түрде толтырылады. Бұған қоса, салық салудың жаңа режімін қолданатын кәсіпкер салық есептілігін ұсынудан босатылады», - дейді Жайдар Іңкәрбаев.
«E-Salyq Business» қосымшасы әзірше сынақ ретінде енгізіліп отыр. Қазіргі кезде мобильді қосымша Ақмола және Жамбыл облыстарында тестілеуден өтіп жатыр. Бүгінде бас-аяғы 3,5 мыңға жуық кәсіпкер осы қосымшаға тіркеліп, пайдалануда. Биыл тағы 100 мыңға жуық дара кәсіпкерді жобаға қосу көзделіп отыр. Алдағы жылдан бастап қосымша толық режімде іске қосылады.
«E-Salyq Business» мобильді қосымшасын әзірше «Play market»-тен жүктеуге болады. Сонымен қатар «App store» және «AppGallery»-де қосымшаны орналастыру жөніндегі өтінімге жауап алу рәсімдері жүріп жатыр.
Комитет мәліметіне қарағанда, «E-Salyq Business» мобильді қосымшасы кәсіпкерлердің сын-ескертпесі мен ұсыныстарын ескере отырып, әлі де жетілдіріле түспек.