00:00
Астана -10oC
USD:
473.29
EUR:
512.81
RUB:
5.47
Іздеу

Қазақ-қытай шекарасында тұрып қалған 7 мың вагон тауар бүлініп жатыр

24 ақпан, 2023
Елорда ақпарат Елорда ақпарат
Қазақ-қытай шекарасында тұрып қалған 7 мың вагон тауар бүлініп жатыр

Оған қатысты құзырлы органдар тарапынан нақты жауап айтылған жоқ. Бірақ шекарадағы келеңсіздіктің кәсіпкерлерді шығынға батырғаны рас. Еліміздегі халықаралық логистикалық компаниялар да Үкіметке үн қата алмай отыр. Ірі тасымалдаушы Бақтыбай Мырзатаев болса, «Қазақстан темір жолы» құр уәдеге тойдырып келеді деп налып отыр.

Жалпы, 7 мыңдай вагонның 300-і 15 қазанға дейін елге жеткізілуі керек болған. Бірақ олар әлі де шекарада тұр. Қытайлық тарап келеңсіздікке карантиндік шараларды желеу етеді. Тіпті автобекеттегі тасымал да қиындап кеткен. Қазір тасымалдаушылар Қытай жаққа өте алмайды. Салдарынан қадағалаусыз қалған тауарлар бүлініп жатыр. Кейде мүлікке қол салатындар да бар екен. Оның үстіне қытайлық брокерлер кедендік қызмет құнын 25 есе арттырып жіберген. Бұрын 1 мың доллар болса, қазір 25 мың доллар сұрайды.

Сондай-ақ кәсіпкерлерді Еуропа мен Азияға қатынайтын вагондардың емін-еркін өтуі ойландырады. Енді күн сайын шығынға батып жатқан 24 ірі логистикалық компания өкілдері Қазақстан үшін Майқапшағай, Қалжат кеден бекеттерін ашуды сұрап отыр. Себебі уақытты оздыруға мүлде болмайды. Олар 200-ге тарта импорттаушы кәсіпорынмен келісімшарт жасасқан. Оның көбі тендермен айналысады. Тауар сатып, күн көріп отырғандар да бар. Мәселе шешілмесе, бұл өнімдер қажетсіз болып қалуы мүмкін. Өйткені шығынға қарай баға да өсіп, қарапайым тұтынушыға қолжетімсіз болады.

«Жаз бойы тауарға жіберген вагондарымыздың бірі де қайтарылмады. Автобекеттен де қайыр болмай тұр. Қытайлық тарап экспорттық декларацияны беруді қойды. Мұндай жағдайды пайдаланбақ болған пысықайлар бар. Олар жүк көліктерімізді ерте қайтаруға көмектесеміз деп, 25 мың долларға дейін ақы сұрайды. Үкіметке біз шыға алмаймыз. «Қазақстан темір жолы» мәселені шешеміз деп отыр. Біз бұрын өзге тасымалдаушылармен бәсекелес болсақ, қазір мұңдас болып қалдық. Бәріміз де тауар тапшылығына тап болатынымызды сеземіз. Менің 15 вагоным шекарада тұр. Миллиондаған шығынға баттым. Ал кәсіпкерлер бізбен байланысты үзіп жатыр», - дейді халықаралық логистикалық компания жетекшісі Бақтыбай Мырзатаев.

Қытай-қазақ шекарасындағы жағдайды еліміз форс-мажор деп бағалады. Ал Бақтыбай Мырзатаев мемлекеттік органдардың кәсіпкерлерге тиісті жағдай жасауға асықпайтынын айтып қалды. Аз уақытта дайындалуы қажет құжаттардың соңынан бір ай жүгіру керек екен. Тағы бір логистикалық компания жетекшісі Еркін Хамит бұл мәселемен шілдеден бері күресіп келеді. Оның айтуынша, Қытайда тауар қымбаттамаған. Бірақ біздің елге тиімсіз бағада келеді. Әрі жүктің мерзімінен кешіктірілуі салдарынан тасымалдаушылар клиенттерінен айырылып жатыр.