Елордалық «Береке» аула клубында балалар дзюдоны үйреніп жүр
Елордада жалпы алғанда 30-дан астам аула клубы жұмыс істейді. Барлық секциялар жас санаты 7 жастан 29 жасқа дейін тегін негізде өтеді. Бүгінде аула клубтарында 3 мыңға жуық бала тәрбиеленуде.
Ал «Байқоңыр» ауданына қарасты «Береке» аула клубында спорттың каратэ, кикбоксинг, бокс, йога, хореография т.б түрлері бар.
«Нұр-Сұлтанда 2015 жылдан бастап «Аула клубтары» жобасымен аз қамтылған отбасылар санатындағы балалардың уақытын тиімді пайдалану мақсатында аула клубтары жұмыс істеп келеді. Бұл аула клубтарында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер бар. Барлық үйірмелер тегін негізде жүргізіледі. Бүгін «Береке» аула клубында балалар дзюдодан шеберлік сабақтарын үйренуде. Осы аула клубында шамамен 120-130 бала тегін сабақ алып жатыр. Үйірмелер аптасына 2-3 рет болады. Меніңше, мұндай аула клубтары халыққа өте пайдалы. Себебі көптеген аз қамтылған отбасыларға балаларын ақылы үйірмелерге қатыстыру қиынға соғып жатады. Балалар осы сынды тегін спорт үйірмелеріне қатысып, болашақта елдің мақтанышына айналар спортшы болады деген үмітіміз бар», — деді "Астана жастары" ЖРО аула клубтарын дамыту бөлімінің маманы Аделя Бигарстанова.
«Мен «Береке» аула клубының спорт секциясына қатысып жүргеніме біршама уақыт болды. Осы аула клубы арқылы өзіме жақын достар таптым. Сонымен қатар спорттың мықты түрлерін үйреніп жатырмын. Қазіргі таңда дзюдодан сабақ алудамын. Бапкеріміз жас та болса өз ісінің шебері. Бізге бар білгенін үйретіп, салауатты өмір салтын ұстануға күш-жігер беруде», — дейді жас спортшы Нұрислам Қыдырбай.