Биыл қазақстандықтар карта арқылы қанша сома көлемінде операция жүргізді
Ұлттық банк ұсынған дерекке сүйенсек, қазақстандықтар биылғы сегіз айда төлем карталары арқылы 56,3 трлн теңгенің 4 млрд операциясын жүргізді. Яғни бұл – былтырғы кезеңмен салыстырғанда карта арқылы айналымға түскен ақша көлемі 2,2 есе, атқарылған операциялар саны 2 есе көп деген сөз.
«Төлем карталары арқылы жасалған 10 операцияның 9-ы қолма-қол ақшасыз орындалған. 2021 жылдың қаңтар мен тамыз айлары аралығында төлем карталарының иелері 43,2 трлн теңгеге 3,8 млрд қолма-қол ақшасыз операция жүргізді. Бұл 2020 жылдың осы кезеңіндегі көрсеткіштерден тиісінше 2,4, және 2,3 есе артық», – деп жазады Ұлттық банктің сайты.
Қолма-қол ақшасыз жүргізілген операциялар көлемінің жалпы құрылымында онлайн-операциялар үлесі өсе түскен.
«Осы жылдың қаңтар-тамыз аралығында қолма-қол ақшасыз операциялардың 67%-ы немесе 2,5 млн операция интернет немесе мобильді қосымшалар арқылы жүргізілді. Халықтың қолма-қол ақшасыз операциялары көлемінде онлайн-операциялар үлесі 83%-ға дейін өсіп, 35,9 трлн теңгені құрады», - делінген Ұлттық банк мәліметінде.