Каспий теңізінде Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы іске қосылды

Маңғыстау облысының Құрық портында Каспий теңізінде теңіз аквашаруашылығын дамытуға арналған алғашқы тор қоршамалар суға түсірілді, деп хабарлады Elordainfo.kz облыс әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
Орталық Азиядағы алғашқы теңіз аквашаруашылық жобасы облыс әкімдігінің бастамасымен, «Organic Fish» ЖШС қолдауымен жүзеге асып отыр. Бұл шара Қазақстан теңіз аквашаруашылығын дамытудың іс жүзінде жүзеге асырыла бастағанын көрсетеді.
Үш үлкен тор қоршама мен арнайы якорь жүйесінен тұратын жабдық Норвегияда жасалып, Каспий теңізінің табиғи жағдайына бейімделген. Құрық портына жеткізілген тор қоршамалар шетелдік және отандық мамандардың күшімен құрастырылып, порттан 20 шақырым оңтүстіктегі теңіз аумағына орнатылды. Экологиялық жағынан теңізге еш зияны жоқ.
«Келесі кезеңде тор қоршамаларды балықпен толтыру жоспарланған. Бұл – Қазақстан мен Каспий теңізі тарихындағы ең үлкен тор қоршамалар: әрқайсысының айналымы 120 метр, тереңдігі 25 метр. Алғашқы екі жылда өндіріс көлемі 300-ден 1600 тоннаға дейін жетіп, кейін жылына 5000 тоннаға дейін ұлғаюы көзделген. Сонымен қатар 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылмақ»,- делінген хабарламада.
Жоба табиғи таза ортада каспий албырты тұқымдас балық өсіруге бағытталған. Балықтар экологиялық таза жеммен қоректеніп, теңіздің табиғи жағдайында өсірілмек. Бұл олардың пайдалы қасиеттерін толық сақтауға мүмкіндік береді.



