Экология министрлігі Өзбекстанға киік беруге қатысты мәлімдеме жасады


Еліміздің Экология министрлігі Өзбекстанға киік беру мәселесіне қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлады Elordainfo.kz Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.
«Осы жылдың 22 шілдесінде Өзбекстан Республикасы Экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігінің ресми ресурсында Өзбекстан мен Қазақстан арасында киікті сақтау саласындағы өзара түсіністік туралы Меморандумға қол қоюға дайындық жүріп жатқаны туралы хабарланған.
Меморандум жобасы жұмыс тәртібімен Қазақстан тарапына ұсынылды және қазіргі уақытта қаралу сатысында тұр.
Осы мәселенің табиғатты қорғау маңыздылығын ескере отырып, меморандумның мазмұны екі елдің жауапты ғылыми мекемелері мен уәкілетті мемлекеттік органдарын тарта отырып, пысықтауды талап ететінін атап өткен жөн.
Сонымен қатар жануарлар дүниесі өкілдерін беру, сондай-ақ меморандум жасасу мәселелері мемлекетаралық санатқа жатады және тиісті деңгейде шешім қабылдауды талап етеді», - делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстан Қытайға 1500 киік тарту ететінін жазған едік.



