«Заңмен шектеу қою керек»: Аймағамбетов дәрігерлердің қауіпсіздігіне қатысты мәлімдеме жасады


Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов дәрігерлердің соққыға жығылуына байланысты пікір білдірді, деп хабарлады Elordainfo.kz.
Асхат Аймағамбетов Қостанай мен Қарағандыда ақ халатты абзал жандарға шабуыл жасалғанын айтып, мұндай жағдайларға заң бойынша шектеу қою керегін ұсынды.
«Жақында медицина қызметкерлеріне қатысты екі ауыр жағдай болды. Мұны жай ғана «кездейсоқ жағдай» деуге болмайды. Бұл дегеніміз тек дәрігерлер үшін емес, әрқайсымыз үшін қауіпті шабуыл. Ең сорақысы, медицина қызметкерлеріне қол көтеру, әсіресе жедел жәрдем мен емхана дәрігерлеріне күш қолдану әдетке айналып барады. Сондықтан оған дереу тоқтау салып, заңмен шектеу қою керек», - деді Асхат Аймағамбетов.
Депутат Қазақстанда медицина қызметкерлері жиі агрессияға тап болатынын айтты. Өзін қауіпсіз сезінбеген дәрігерлер жұмысын тастауға мәжбүр екенін мәлімдеді.
«Біз бұған дейін үш рет Қылмыстық кодекске өзгерістер ұсындық:
• Дәрігерге шабуыл жасаған адамға қатысты бөлек бап, қатаң жаза болуы керек. Бұл жаза полицияға немесе орманшыға шабуыл жасаумен тең болуы тиіс.
• Егер дәрігер соның кесірінен жұмысқа жарамай қалса, кінәлі адам моральдық та, материалдық та өтемақы төлеуі керек. Қажет болса – өмір бойы да төлесін», - деп жазды ол.
Депутаттың айтуынша, осы күнге дейін бұл бастамалар Үкімет тарапынан қолдау таппаған. Мәжіліс депутаты дәрігерлерді кәсіби тәуекелдерден міндетті сақтандыруды кеңейту шаралары да қарастырылып жатқанын айтты.
«Осы күзде біз бұл заңдар бойынша тиімді шешім қабылданады деп сенемін», - деді А.Аймағамбетов.



