Медициналық сақтандыруда не қамтылған және оны қалай пайдалану керек

30 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Медициналық сақтандыруда не қамтылған және оны қалай пайдалану керек
Фото: Оңалхан Өнерхан

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында көрсетілетін қызметтер туралы ақпарат ұсынды, деп хабарлады Elordainfo.kz.

Кез келген азамат үшін МӘМС-ке қатыссыз қолжетімді негізгі пакет – ТМККК (тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі) қарастырылған. Бұл пакетке жедел жәрдем шақыру, учаскелік дәрігерге бару, жарақат, күйік, улану, ауыр халдегі жағдайлар кезіндегі жедел көмек кіреді. Қажет болған жағдайда шұғыл ота да жасалады.

Ал МӘМС – бұл кеңейтілген медициналық көмекті қамтитын пакет, ол жоспарлы медициналық көмекті ұсынады.

«Мысал ретінде айтсақ, бұл пакетке бейінді мамандардың (кардиолог, эндокринолог, офтальмолог және т.б.) консультациясы, зертханалық талдаулар, құралдық диагностика (КТ, МРТ, УДЗ, рентген және т.б. қызметтер) кіреді. Сондай-ақ МӘМС аясында күндізгі және тәуліктік стационарда жоспарлы ем-дом мен ота жасау, оның ішінде жоғары технологиялы медициналық қызметтер көрсетіледі. Яғни, сақтандырылған азаматтар МӘМС жүйесі аясында қажетті көлемде медициналық көмек ала алады. Бұл көмек азаматтың аударған жарнасының көлеміне қарамастан, медициналық көрсетілімдерге сәйкес көрсетіледі», - деп түсіндірді Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры басқарма төрағасының орынбасары Светлана Пономарева.

Сонымен қатар Бірыңғай медициналық көмек пакетін енгізуге байланысты ТМККК мен МӘМС тізімдеріне өзгерістер енгізіледі. 2025 жылдан бастап МӘМС пакетіне консультативтік-диагностикалық көмек, амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, динамикалық бақылауды қажет ететін 12 созылмалы ауру бойынша жоспарлы стационарлық және стационарды алмастыратын көмек өтеді. 2026 жылдан бастап қалған созылмалы және әлеуметтік маңызы бар аурулар, сондай-ақ амбулаториялық гемодиализ де МӘМС пакетіне енгізіледі.

«Пациенттің МӘМС жүйесіндегі бағыты учаскелік дәрігерден басталады – бұл бастапқы медициналық көмек буыны, әрі қарайғы ем осыған байланысты. Дәрігер науқастың жағдайын бағалап, алдын ала диагноз қояды және қажетті консультациялық-диагностикалық қызметтерге жолдама береді. Қажет болған жағдайда науқас стационарға емдеуге жіберіледі немесе ота жасалады. Кейін амбулаториялық бақылау жүргізіледі. Белгілі бір уақыт өткен соң медициналық оңалту шаралары тағайындалуы мүмкін», - деп нақтылады аталмыш қор.

МӘМС пакетіне кіретін қызметтер тізімі:

1. Амбулаториялық деңгейде көрсетілетін медициналық көмек (ТМККК аясында қарастырылған аурулардан басқа):

• алдын алу тексерістері (ТМККК аясындағыдан өзге);

• бейінді мамандардың қабылдауы мен консультациясы (БМСК дәрігерінің жолдамасы бойынша);

• созылмалы аурулары бар адамдарға бейінді мамандардың динамикалық бақылауы;

• жекелеген санаттарға стоматологиялық көмекті шұғыл және жоспарлы түрде көрсету;

• зертханалық диагностика және өзге де диагностикалық қызметтер;

• басқа да бекітілген рәсімдер мен манипуляциялар.

2. Стационарды алмастыратын жағдайларда мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы көмек көрсету (ТМККК аясында емделетін аурулардан басқа); эпидемиологиялық жағдайды нашарлататын аурулар кезінде үйде стационар қызметтері немесе ондай ауруларға күдік болғанда.

3. Стационарлық жағдайда жоспарлы түрде мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялы көмек көрсету (ТМККК шеңберінде емделетін аурулардан басқа).

4. Стационарлық жағдайда шұғыл түрде мамандандырылған көмек көрсету, оның ішінде тәуліктік стационардың қабылдау бөлімінде диагноз нақтыланғанға дейінгі емдік-диагностикалық шараларды өткізу (ТМККК шеңберіндегі аурулардан басқа).

5. Медициналық оңалту.

6. Патологоанатомиялық диагностика.

7. Қайтыс болғаннан кейінгі донорды дайындау.

8. Дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету (МӘМС жүйесінде көрсетілетін көмек аясында):

• стационарлық және стационарды алмастыратын көмек кезінде (денсаулық сақтау ұйымдарының дәрілік формулярларына сәйкес);

• амбулаториялық деңгейде алғашқы медициналық-санитарлық және бейінді медициналық көмек аясында уәкілетті орган бекіткен дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың тізбесіне сәйкес, белгілі бір аурулары (жағдайлары) бар азаматтардың жекелеген санаттарына.