Еліміздің емханаларында әйелдер консультациясы бөлімшелері қайта ашылады

25 шілде, 2025
Жібек Наурыз Жібек Наурыз
Еліміздің емханаларында әйелдер консультациясы бөлімшелері қайта ашылады
Фото: freepik.com

Қазақстанда жүкті әйелдер мен гинекологиялық аурулары бар әйелдерге арналған медициналық көмек қайта құрылымдалып, алғашқы медициналық-санитариялық көмек аясында қолжетімді болмақ, деп хабарлады Elordainfo.kz Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап. 

Денсаулық сақтау министрлігі өкілдері «әйелдер консультациясы» бөлімшелерінің жұмысын қалпына келтіретінін хабарлады.

Бастаманың мақсаты – еліміздің әйел халқына медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыру делінген.

Әйелдер консультацияларының жаңартылған құрылымында:

-Бір күндік клиникасы бар ұрықты сақтау орталықтары

-Отбасын жоспарлау орталықтары

-Жүктілікті үзу кабинеттері

-Мультидисциплинарлық топтың қатысуымен жоғары қауіпті және экстрагениталдық аурулары (ЭГА) бар жүкті әйелдерді қадағалауға арналған кабинеттер

-Репродуктолог және балалар гинекологының кабинеттері ашылады.

Денсаулық сақтау министрлігі Ана мен бала денсаулығын сақтау департаментінің аналар денсаулығын сақтау басқармасының басшысы Шәкизат Халықова бұл бастама – әйелдердің денсаулығын жақсартуға, медициналық көмектің сапасы мен қолжетімділігін арттыруға бағытталған нақты қадам екенін айтты.