Ең бірінші, науқастың көңілін табу керек – елордалық дәрігер

15 маусым, 2025
Сабина Кәкімжан Сабина Кәкімжан
Ең бірінші, науқастың көңілін табу керек – елордалық дәрігер
Фото: freepik.com

Маусымның үшінші жексенбісі – медицина қызметкерлерінің мерекесі. Бұл  – адам өмірін құтқаруға бар күш-жігерін салатын ақ халатты абзал жандардың кәсіби төл мейрамы. Мереке қарсаңында Elordainfo.kz №2 қалалық емханада балалар бөлімшесінің педиатры Гүлжан Шайтекеймен дәрігерлік қызметтің қызығы мен шыжығы туралы әңгімелесті.

Фото: Elordainfo.kz

Ол жауапты қызметті жиырма жылдан бері атқарып келеді.

«Бала күнімде дәрігерлерге қатты қызығатынмын. Туған-туыстарымыз дәрігерге барғанда жазылып келетін. Бастысы олар науқасты емдейді деген сенім болды. Үстіне киген ақ халаттарынан олардың жүрегі таза, пейілі кең, көңілі кіршіксіз екенін байқауға болады. Міне, сондықтан да балалық шағымнан медицинаға құмар болып өстім. Әлбетте, жаны қиналып тұрған адамға қуаныш сыйлау үлкен бақыт деп ойлаймын», - деді дәрігер.

Ол Қарағанды мемлекеттік медициналық академиясында педиатр мамандығы бойынша білім алған. Еңбек жолын Қарағанды облыстық Жұқпалы аурулар балалар ауруханасында бастады. Келесі жылы ол өзінің туған жері Көкшетауға ауысады.

«Туған жеріме келіп, Көкшетаудағы қалалық емханада дәрігер-педиатр қызметіне кірістім. Арада бір жыл өткен соң, бас шаһарда орналасқан №2 қалалық емхананың  балалар бөлімшесіне ауыстым. Содан бері осында қызмет етіп келемін», - деді ол.

Гүлжан Шайтекей  әр науқасқа бар ниетімен әрі шынайы пейілімен қамқорлық таныту өте маңызды екенін айтады.

«Күн сайын сағат 9:00-ден бастап сағат 15:00-ге дейін 15 жасқа дейінгі балаларды қабылдаймын. Бізге науқастар әртүрлі аурулармен келеді. Олардың қатарында пневмония, жұқпалы аурулар, ангина, жедел респираторлық вирустық инфекциямен келетіндердің қарасы көп», - деді педиатр.

Оның айтуынша, бұл мамандық өте үлкен жауапкершілік пен біліктілікті талап етеді.

Дәрігер бұл мамандыққа келген соң, кез келген жанға қол ұшын созуға дайын болу керек екенін айтады. Әсіресе, кішкентай науқас балалардың көңілін табу қиынға соғатынын жасырмады.

«Ең бірінші, науқастың көңілін табу керек. Сосын жанын қинаған ауруды дөп басу – оңай емес. Әсіресе, дертіне шипа іздеп келген адам бала болса, тіптен қиын. Өйткені ол өзінің дәл қай жері ауырып тұрғанын нақты айта алмайды. Сол себепті дәрігермен қоса, психолог та болуға тура келеді», - деді елордалық дәрігер.

Педиатр дәрігердің бойында сезімталдық, жауапкершілік, ұқыптылық секілді қасиеттер болуы қажет екенін айтады.