Дәрігер қабылдауына электронды қосымшалар арқылы жазылу 70%-дан асты – министр

24 шілде, 2025
Ернұр Қайнар Ернұр Қайнар
Дәрігер қабылдауына электронды қосымшалар арқылы жазылу 70%-дан асты – министр
Фото: Оңалхан Өнерхан

Үкімет үйінде Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша өткен баспасөз конференциясында Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова дәрігер қабылдауына жазылу мәселесі министрліктің бақылауында екенін айтты, деп хабарлады Elordainfo.kz.

«Емханалардың қызметтерін жетілдіру бойынша біз былтыр жұмыс бастаған болатынбыз. Денсаулық сақтау министрлігінің біраз бұйрықтарына өзгерістер енгізілді. Стандарттар өзгертілді. Оның ішінде ем алушылар бағдарын барынша оңтайландыру бойынша шаралар қабылданды. Сонымен қатар өздігінен қабылдауға жазылу мәселесі былтырдан бастап біздің бақылауымызға алынды. Оның ішінде электронды қосымшалар арқылы жазылу 4%-дан аспайтын. Бүгінгі таңда 70%-дан асты. Сондай-ақ хроникалық диспансерлік есепте тұратын науқастарды дәрігерге барудан бұрын медбике толығымен тексеріп, барлық анализдерімен жібереді. Және де ауруханаларға жату үшін анализдердің санын азайттық. Халықаралық стандарттарға сүйеніп берілген анализдердің жарамдылық мерзімін ұзарттық. Аталған стандарттардың жергілікті жерлерде жұмыс істеуі әлі де күрделі болып отыр. Сондықтан биылдан бастап біз 20 өңірге мониторингтік топ жібердік. Бұл тек тексеру емес, жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді», - деді министр.